«Қайрат» футзал клубының бұрынғы ойыншысы Бетао Prosports.kz тілшісіне алдағы УЕФА кубогының Төрттік финалы жайлы айтып берді.

- Бетао, сіз «Интер» мен «Қайратта» ойнадыңыз. УЕФА кубогының жартылай финалында бұл екі команда өзара кездеседі. Аталмыш ойынның фавориті кім деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, мұндай жарыста нақты фаворит жоқ. Жартылай финалға шыққан барлық командалардың деңгейі бірдей.

- «Қайрат» сапында ойнап жүрген туған ініңіз Дуглас Нуньестің ойынын тамашалап жүрсіз бе?

- Шын айтсам, аз ғана ойынын көрдім. Бірақ оған еш босаңсуға болмайды. Дугласқа әлі де әріптестерімен тіл табысу қажет, қазір ол көбінде Кабреувамен жақсы ойнауда.

Дуглас Нуньес Бетао бейнеленген портреттің қасында

- «Қайраттың» басқа ойыншыларымен араласып жүрген жоқсыз ба?

- Алешандремен жақсы араласамын. Сондай-ақ, Какау және Игитамен жиі сөйлесемін. Жалпы, «Қайратқа» УЕФА кубогында жеңіс тілеймін.

Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» УЕФА кубогының жартылай финалында испаниялық «Интермен» кездеседі. Екінші жартылай финалда ресейлік «Югра» португалиялық «Спортингпен» күш сынасады.