Өскемен қаласында өтіп жатқан әйелдердің ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінің қорытынды турында жергілікті «Алтай» клубы кезекті ойынында өзінің басты қарсыласы Павлодардың «Иртыш-Казхром» командасын 3:1 есебімен ұтты.

Жанболат Бурхан жаттықтыратын, құрамында 38 жастағы Инна Матвеева, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова сынды тәжірибелі ойыншылары, кубалық Юнеска Роблес Батистадай легионері бар өскемендіктер алғашқы екі партияны (25:12, 25:18) аса қиналмай ұтты. Есесіне, Светлана Котова баптайтын павлодарлықтар үшінші партияны 25:17 есебімен өз пайдасына жазды. Дегенмен, төртінші партияда өскемендік волейболшылар нағыз шешуші сәттерде таразы басын аудара білді (25:22). Сөйтіп «Алтай» 69 ұпаймен жекедара көш бастаса, павлодарлықтар 66 ұпаймен екінші орында қалды. Талдықорғанның «Жетісу» командасы 58 ұпаймен үшінші сатыда келеді. 23 наурыз күні «Алтай» дәл осы «Жетісумен» кездеседі. Оны жеңсе, екінші жыл қатарынан ел чемпионы атануға мүмкіндігі мол.
Естеріңізге салайық, бұдан бұрын ерлердің ұлттық лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Өскеменнің «Алтайы» екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанған болатын.