Бірінші сәуір күні Астана қаласының «Сарыарқа» велотрегінде аралас жекпе-жек түрлерінен WFCA 35 турнирі өтеді.

Бұл «Ахмат» промоутерлік компаниясының сырт алаңда өткізіп жатқан екінші жарысы. Біріншісі ақпан айында Мәскеудің «Динамо» спорт орталығында өткізген болатын. Астана төрінде жекпе-жек кеші аясында жиырма жұп өзара күш сынайды. Турнирдің басты айқасы жеңіл салмақтағы Хусейн Халиев (Грозный, БК «Ахмат») пен бразилиялық Вальмир Лазаро арасында өтпек. Астаналық көрермендер алдында аса жеңіл салмақтағы белбеу иегері Саид Нурмагомедов те өнер көрсетпек. Сонымен қатар, жанкүйерлер жергілікті Василий Тахтай, Диас Ерінғайыпов, Руслан Серікпулов, Гойти Дазаев, Фаниль Рафиков сынды файтерлердің жекпе-жегін тамашалай алады.

WFCA ұйымы осы шара арқылы өздері жайлы Орта Азия мен Қазақстанға жария етпек.

Айта кетейік, кездесу Астана уақытымен сағат 18:00 белгіленген. Ал билеттер бағасы 3300 теңгеден болмақ.