«Ертістің» голкипері Давид Лория Қазақстан чемпионатының рекордын қайталады.

Қақпашылар ішінде ел біріншілігінде ең көп матч ойнаған Олег Воскобойников болатын. Ол өз мансабында 338 матч өткізді. Бұл ел чемпионатындағы рекорд саналады.

«Ертістің» қақпашысы Давид Лория «Атырауға» қарсы ойында сол рекордты қайталады. Воскобойниковтың мансабын аяқтағанын ескерсек, Лория жақын арада бұл рекордты бұзып, жеке дара рекордсмен атана алады.

Ойыншылар арасында Қазақстан чемпионатында ең көп матч өткізген – Нұрбол Жұмысқалиев. Жартылай қорғаушы ішкі біріншілікте 497 матч өткізді. Ол да биыл «Ертіс» сапында өнер көрсетуде.

Айта кетейік, Лория қақпашылар арасында құрамада ойнау бойынша рекорд иесі. Ол ұлттық команда сапында 40 матчқа қатысқан.