Қазақстандық маман Юсуп Шәдиев футболдан ұлттық құрама ойыншылары туралы пікірін айтты.

«Құрама үшін клубқа қарағанда екі есе жақсы ойнауың керек. Еліміздің намысын қорғап жатқаныңды ұмытпауың қажет. Бұл тұрғыда оларға біздің боксшылардан, дәлірек айтқанда, Геннадий Головкиннен үлгі алу керек. Головкин Қазақстан үшін өзін де, қарсыласын да аямайды. Футболшыларға да сөйту керек. Балтиев құрама үшін жанын салатын, Смақов Отаны үшін бәрін «айыруға» дайын еді. Кейде қолдарынан келмей жатты, сәтсіздіктер болды, бірақ жанын салып ойнамады деп айта алмайсың. Футболшыларымызға сәттілік тілеймін», - деді Шәдиев Sportsfaa порталына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Головкин америкалық Дэниэл Джейкобсты жеңіп, титулдарын қорғап қалған болатын.

Ал Қазақстан құрамасы 22 наурызда Кипрмен жолдастық кездесу өткізеді. 26 наурызда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Армениямен күш сынасады. Екі ойын да сырт алаңдарда өтеді.