Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер осы жазда Астанада ЭКСПО-2017 аясында жекпе-жек өткізу мәселесін әлі қарастырмағанын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

«Өткен жылы WBC тұжырымы бойынша бізге Альвареспен, WBA-дан Джейкобспен міндетті жекпе-жекті тағайындауға байланысты қолымыз байланды. Былтыр Геннадий үшін сәтсіз жыл болды. Себебі ол жылына 3-4 рет шығып үйренген. Менің жұмысым алдын ала қарастыру, ал Головкин жылына 3-4 жекпе-жек өткізу ырғағына қайта оралғысы келеді.

Қазір басты назар 18 наурыздағы жекпе-жекте. Егер Геннадий бұл айқаста жеңіске жетпесе, кез келген жоспар іске аспай қалуы мүмкін. Біз титулдарды жинауда ұзақ жұмыс жасадық. Көп қарсыластар қашумен болды, сондықтан кішкене қателесудің өзі бәрін жоюы мүмкін», - деді Леффлер.

Оның айтуынша, баскетболда бірнеше ойын жеңілсе де, чемпион болып қала алады. «Ал бокста олай емес, бір жеңілістен Головкин барлық титулынан айырылады. Джейкобс орта салмақтың шыңына жетеді. Бұдан бұрын айтылғандай, бұл айқаста қарымта кездесу көзделмеген. Осы жағдай қызығушылық пен шиеленісті арттыра түсуде», - деп жауап берді Леффлер HBO Boxing Podcast эфирінде.