«Астана» футбол клубы 2017 жылғы ҚР Суперкубогы үшін өткен алматылық «Қайратқа» қарсы кездесуде 2:0 есебімен есе жіберді. Ойын соңындағы баспасөз жиынында «Астана» командасының бас бапкері матч туралы өз ойымен бөлісті:

- «Қайрат» командасын бүгінгі жеңістерімен құттықтаймын. Ойын қиын әрі қызықты болды. Біз қорғаныста өте жеңіл қателіктер жібердік. Бұл маусымның алғашқы ойыны болғандықтан, алда ұзақ әрі қиын кезең күтіп тұр. Қолдан келгенше келесі кездесулерде жақсы нәтижеге жетуге тырысамыз.

- Станимир, қалай ойлайсыз Шитовты бірінші минуттан алаңға шығару керек пе еді?

- Шитов жарақатынан айыққанына аз ғана уақыт болды. Сондықтан, асығыс шешім қабылдамауға тырыстық. Команданың құрамы әлі де толық жасақтала қоймады. Оны да ескере кеткен жөн.

- Маевский бүгін жақсы ойын көрсетті. Орталық жартылай қорғаушының қызметін Абзал Бейсебеков атқарды. Иванмен бір қатарда ойнайтын жартылай қорғаушы алу ойыңызда бар ма?

- Абзал өткен маусымда да бірнеше позицияда ойнаған болатын.Біз транферлік терезе жабылғанша орталық алаңға және шабуыл шебіне ойыншы алуды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, көп нәрсе бізге байланысты емес. Клуб басшылығы айтқандай, бізде кішкене қаржылық мәселелер болып жатыр. Сондықтан әліптің артын бағу керек.