Бүкіләлемдік бокс сериясына қатысатын «Астана арландары» клубының бас менеджерінің міндетін атқарушы болып Саят Әбілдин тағайындалды.
Бұл жайлы клубтың ресми сайты хабарлайды. Бұған дейін ол бас менеджердің орынбасары қызметін атқарған.
«Маусымның қызған шағында маған қызметімнен кетуге тура келді. Қазіргі уақытта команда 4 наурыз күні Атырауда «Қытай айдаһарларына» және 18 наурыз күні Таразда «Ресей патриоттары» клубтарына қарсы өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр. Клуб ішіндегі білікті маманды бұл орынға қойғанына қуаныштымын. Саятты бұрыннан білемін. Алдағы уақытта жұмысына табыс тілеймін», - деді «Астана арландары» клубының бұрынғы директоры Серік Сәпиев.
Айта кетейік, 28 ақпанда орталық сайлау комиссиясының отырысы кезінде «Нұр Отан» партиясының мүшесі Сәпиев Серік Жұманғалиұлын Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеу шешімі қабылданған болатын.