Ресей президенті Владимир Путин Алматыда өткен Универсиада ойындарының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ол бұл жайында Красноярсктегі көпфункционалды «Биатлон академиясында» 28-ші Универсиада ойындарының жеңімпаздарымен кездесу барысында айтты.

Ресей президенті бірнеше күн бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін, оның жақында аяқталған Универсиада туралы айтқанын жеткізді.

«Қазақстан Универсиада ойындарын жоғарғы деңгейде өткізу үшін бар жағдайды жасаған. Біз де Красноярскте сондай жағдай жасауға тырысамыз. Мен сіздердің кейбірлеріңізді 2019-шы жылы өтетін Универсиада ойындарына қатысады деп үміттенемін. Біз Қазақстандағы Универсиададан да жоғарғы деңгейде өткізуіміз керек. Біздің Қазақстандағы достарымыз да қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Спортшылардың жоғарғы деңгейде өнер көрсетуіне жағдай жасау- біздің міндетіміз»,- деді Путин.

Естеріңізге салсақ, Алматыда аяқталған Универсиада ойындарында Ресей спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған болатын. Қазақстан спортшылары екінші орынмен шектелді.