Алматы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев Универсиада-2017 туралы, сондай-ақ, қаланы биыл қандай халықаралық форумдардың күтіп тұрғанын айтып берді.

- Қазақстанда биылғы ең басты спорт додасы – Универсиада-2017. Бүкіләлемдік студенттер ойынын қорытындылап өтсеңіз.

- Универсиада кешенді спорт сайыстарының ішінде Олимпиададан кейін екінші орында тұр. 2017 жылғы Универсиадада қатысушы елдер саны бойынша рекорд қойылды. Бұл сайыстарға 1600-ден көп студенттер қатысқан. Сонымен қатар, бұрын Универсиадада 70 медаль берілсе, биыл 85 жүлде сарапқа салынды. Яғни, спорт түрлері де көбейді деген сөз. Студенттік ойындар Алматыны жоғары деңгейге көтерді деуге болады. Универсиада тарихында тұңғыш рет атлеттер қалашығы салынды. Қонақтар мен FISU өкілдері оған жоғары баға берді.

- Қалашық салу шешімі қалай қабылданды? Ол өзін ақтай алды ма?

- Қаланы Универсиадаға дайындауда басты назарымызды тұтастыққа бөлдік. Үш арнайы нысан салынды – мұз айдынымыз болмағандықтан, «Алматы Арена» мен «Халық аренаны» тұрғыздық. Үшінші нысан деп Атлеттер қалашығын айтуға болады. Қалған нысандар бізде бұрыннан бар. Қонақтардың бәрін сол қалашыққа орналастырдық. Мысалы, бұрынғы Универсиадаларда ұйымдастырушылар үшін қонақүйлер жағы үлкен мәселе болатын. Бізде ондай қиындық болған жоқ.

«Майя Манеза Алматыда жаттығуға ниет білдірді»

- Алдағы уақытта алматылықтарды қандай шаралар күтіп тұр?

- 2017 жылы Универсиаданы өткізіп, сонымен тоқтап қалмауға көңіл бөліп отырмыз. Биыл республикалық деңгейдегі 4 жарыс ұйымдастырамыз – жастар ойындары, қысқы және жазғы спартакиада, сондай-ақ, жасөспірімдер ойыны. Алматы бұл жарыстардың бәрін де өткізуге шамасы жетеді. Бір қызығы, Универсиададан кейін біздің қаламызға көшіп, осында жаттығу жасағысы келетін кәсіпқой спортшылар саны көбейді.

- Мысалы?

- Жақында ауыр атлетіміз Майя Манезаның өкілдері хабарласты. Біздің инфрақұрылымды білетін олар Алматыда жаттығу жасауға ниет білдіріп отыр.

«Универсиада-2017 Елбасынан жоғары баға алды»

- Универсиада қонақтары да болашақта Алматыда жаттығып, осындағы жарыстарға қатысуға қарсы емес.

- Универсиада қонақтарына Алматыда бәрі жақсы өтуі үшін барлық жағдай жасалды. Жеңілдіктер аптасы дегендей... FISU өкілдері, мысалы, балетке барды. Жеке кәсіпкерлер де қонақтар үшін мәдени бағдарламалар ұйымдастырды. Мұның бәрі Алматының имиджін, Қазақстанның имиджін көтереді. Шетелдіктердің пікірлерін оқыған шығарсыздар – олар біздің мәдениетіміз бен қонақжайлығымызға таңқалып жатыр.

- Қала ел басшысынан қандай баға алды?

- Елбасымыз Универсиадаға жоғары баға берді. Атқарушы органдар да көмектесті. Сол үшін алғыс айтқым келеді.

«Универсиада өзін табысты әрі жемісті жоба екенін көрсетті»

– Универсиада бюджеті қандай болды?

- Универсиаданы ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 32 млрд теңге бөлінген, кейін ол 17,8 млрд-қа дейін қысқартылды. Кейін тағы 4 млрд алынды. Сонда, Универсиаданы 13,8 миллиардқа өткіздік. Бұл шынайы ақшалар, ешқандай құпия жоқ. Әрине, құрылысқа көп ақша кетті, бірақ Атлетикалық қалашықты мемлекет бәрібір жасайтын еді. Бұл нысан халықты үймен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Мұнда аурухана, халыққа көмек көрсету орталығы, полиция қызметі, мәдени орталықтар мен сауда үйлері бар. Сондықтан, бұл құрылыстар тек Универсиадаға ғана керек нәрселер емес. Осы Универсиаданың арқасында көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді.

«Спортшылар қалаға 1 млн еуро пайда әкелді»

– Универсиада қанша табыс әкелгенін санауға бола ма?

- Global Destination Cities Index-тің бағалауы бойынша, Алматыда шетелдік туристер күніне 245 доллар жұмсаған. Мұны қонақтардың санына көбейтіңіз. Спортшылардың өздері қалаға 1 млн еуро пайда әкелді! Кеш сайын мейрамханалардың бәрі толы болды. Бұл кіші және орта бизнес үшін үлкен пайда. Ал қала үшін салыққа пайда тиеді. Сондықтан, мұндай үлкен форум әлеуметтік тұрғыда ғана емес, қаржылық тұрғыда да өзін ақтай алады.

- Қалалықтар арасында жаңа мұз айдындарында коньки тебу жиілеп келеді. Универсиададан кейін келушілердің саны көбейді ме?

- Алматылықтар қашан да коньки тепкенді жақсы көретін. Студенттік ойындардан кейін одан сайын көбейіп кетті. Акция күндері «Халық аренада» ине шаншар жер болмады. Көптеген адамдар кіре алмай қалды. Мұны көрген «Медеу» де кейін өз-өзін одан сайын жақсарта түседі – бұл нағыз бәсекелестік! Универсиададан кейін, айтпақшы, шорт-трекке қызығушылар көбейіп кетті. Біздің спортшылардың арқасында көбі мұндай спорттың бар екенін білді. Хоккей командамыздың да өз аренасы болатыны қуантады. «Алматы» мен «Айсұлу» хоккей клубтары енді жаңа деңгейге шыға алады.

- Универсиаданың арқасында керлингті сөз қылатындар көбейді. Қазақстанда бұл спорттың болашағы бар ма?

- Негізі, керлинг – қызық спорт. Олимпиада спорты саналады, сондықтан оны дамытуымыз керек. Бақытымызға орай, бұл үшін барлық жағдай жасалып жатыр.

- Студенттік ойындар барысында қосымша билеттер сатылды. Бұл алдын ала жоспарланған акция ма?

- Алматыдағы Универсиадада билеттердің сатылуы бойынша рекорд орнады. Күніне 500-ге жуық адам билеттің аздығынан мәнерлеп сырғанауға бара алмай жүрді. Ережеге сәйкес, билеттердің белгілі бір бөлігі FISU делегаттарына беріледі. Олар сатылымға қойылмайды. Бұл жолы FISU өкілдеріне 200 орын берілген. Бірақ кейін көрермендерге билеттер жетпей жатқан кезде, FISU өз орындарын бізге қайтарып берді. Бұл мәселе, осылайша, тез шешілді. БАҚ өкілдеріне де рахмет айтқым келеді. Күн сайын ақпараттар мониторингісін өткіземіз. Сіздердің prosports.kz порталына да алғыс айтқым келеді. Универсиада кезінде әлемдік деңгейде қызмет атқардыңыздар. Универсиадаға арналған жаңалықтар, материалдар мен сұхбаттар саны басқа ақпарат құралдарынан асып түсті.

«Қанат Исламның жекпе-жегіне Қытайдан Алматыға 1500 жанкүйер келді»

- Алматы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басқа қандай жобалармен айналысады?

- Бағыттар өте көп. Қаламыздың әкімі – спортқа жақын адам. Ұлттық спорт түрлеріне көп көңіл бөлеміз, себебі бұл - Қазақстанның бренді. Қала қонақтары мұны көруі тиіс, сөйтіп, жергілікті мәдениетті біледі. Сонымен қатар, Алматының басымдығы тауларда екенін түсінеміз. Қыста тау туризмін дамытып жатырмыз. Сондай-ақ, 1 желтоқсанда «Әлем барысы» турнирін ұйымдастырмақпыз.

- «Спорттық Алматы» көлемді жобасының аясында алматылықтарды қандай жаңалық күтіп тұр?

- Жазда балалар көп болады. «Спорттық Алматы» жобасы аясында «Спорт менің ауламда» атты бағдарлама аштық. Алматыда балаларға арналған спорттық инфрақұрылымды 611 аула бар. Әр жерде әр түрлі – әуесқой, кәсіпқой – бірақ жағдайлары бірдей жасалған. Әрине, мұның бәрін пайдалану керек. Алматыда 3000 маман спорттан тәлім бере алады. Солардың ішінен іріктеп, нұсқаушы қызметіне қабылдаймыз. Аз дегенде, айлықтары 60 мың болады.

- Олардың жұмыстарын кім бақылайды?

- ПИК аймақтар бөледі. Нұсқаушылар әлеуметтік қызметкерлер секілді болады. Күніне үш сағат жаттығу өткізіп, журнал толтырып, мессенджер арқылы операторға есеп беріп тұрады. Өз аулаңда нұсқаушы бапкер болса, балаңда бір жаққа апарудың да керегі жоқ.

- Қай аудандарда «Спорт менің ауламда» бағдаралмасы бірінші кезекті жүзеге асады?

- Қала ортасында тұратын халықтардың жағдайлары жақсы, өз балаларын түрлі секцияларға алып бара алады. Бірақ шет жақта тұратындарда мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл жоба былтыр басталған болатын, расымен ме, көмегі көп! Медеу ауданындағы Сұлусай ауылында алғашқы секция ашылды. Балалар бір жаттығуды да қалдырмай жүр.

«Қайраттың» 70 пайызы – жеке қолдарда»

– Алматыда күрес, ММА немесе бокс турнирлері секілді спорт шоулары бола ма?

- Биылғы жылы Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үлкемпіровтың жүлдесі үшін күрестен турнирлер ұйымдастырамыз. «Алаш Прайд» және «Әлем Файтерс» атты ММА клубтарымыз бар. «Алаш Прайд» - көш басында жүретін клуб, халықаралық аренаға шығу үшін басшыларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алматылық клубтарда промоутерлік әрі қызық турнирлердің болғанын қалаймыз – бір кеште кем дегенде екі титулды жекпе-жек болса. Бірақ біз турнирдің негізгі ұйымдастырушылары болуды қаламаймыз – мұндай істермен жеке компаниялар айналысады. Біз тек ұйымдастыруға көмектесеміз. Үшкемпіров турнирі не үшін қажет? Жасөспірімдер арасында мұндай жарыстар өте аз. FILA аясына енеді. Демек, ұйымдастырушылар шетелдерге де трансляция жүргізеді. Дәулет Тұрлыханов турнирі де маңызды. Дзюдодан GrandSlam турнирі ұйымдастырмақпыз. Халықаралық деңгейдегі жарыстар қала үшін маңызды. Мысалы, 2017 жылғы Универсиаданың телеаудиториясы – 1 млрд адам. Алматы Еуропа мен Қытайдың ортасында орналасқан. Сондықтан, оның мүмкіндіктері үлкен – бокс немесе ММА спортшыларын Алматыға шақыру қиын емес. Қытайдың өзінен Қанат Исламның жекпе-жегі үшін 1500 жанкүйер келді!

- Сәуірде Алматыда Еуропаның футзалдағы ең басты турнирі УЕФА кубогының финалдық ойындары өтеді. Қала бұл оқиғаға қалай дайындалып жатыр?

- «Қайрат» футзал клубы бізді нәтижелерімен қуантып жүр. Алматылық клуб Төрттік финалына тағы да өтті, енді 28-30 сәуір арасында кубокқа таласады. Қарашада өткен Элиталық кезең Алматының футзалды жақсы көретінін тағы бір дәлелдеді. УЕФА Кубогы төрттік финалының жеребе тарту рәсімі 4 наурызда футболдан Қазақстан Суперкубогы матчының үзілісінде болады. Футзал осымен тоқтап қалмайды. Олимпиада ойындарына қатысу үшін футзалдан Қазақстан жастар құрамасын дайындау жұмысы басталып кетті. Біздің жетекші клубымыз «Қайрат» МФК жасөспірімдер командаларының негізгі операторы болу үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз, клубқа қаржылық көмек көрсетеміз.

- «Қайрат» футбол клубында Спорт басқармасының үлесі қанша?

- Клубтың 70 пайызы жеке қолдарда. Инфрақұрылымды дамытуға арналған 30 пайыз қаланың еншісінде. Үлкен спорт – тамаша ғой. «Қайрат» ФК-мен бірге инвестициялар көбіне балалар және жасөспірімдер футболына құйылып жатыр. Алғашқы сәтті қадамдар бар.

Алым ЖАЛЕЛОВ,

фото Олег СПИВАК, Никита БАСОВ және Алматы қ. Дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрағатынан