Алматыдағы Универсиада ойындары аяқталысымен қысқы Азиа ойындары басталғалы тұр. Тоғыз күннен кейін Саппорода өтетін VIII қысқы Азия ойындары бастау алмақ.

Ақ Азиада 2015 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ, 2009 жылы Сингапурда Азияның олимпиадалық кеңесінің бас ассамблеясы ойындардың Олимпиада алдындағы жылға қоюды жөн көрген. Саппорада 11 спорт түрінен жарыс өтеді. Олар: биатлон, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл (могул), шайбалы хоккей және шорт-трек. Бұлардың бәрінде қазақстандық спортшылар бақ сынайды. Медальдардың бір бөлігін биатлоннан жинасақ па дейміз. Саппорада құраманың ең үздік спортшылары жарыс жолына шығады. Галина Вишневская мен Ян Савицкий қоржынымызды толтырады деп сенеміз.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен бастаған мәнерлеп сырғанаудан да жүлде бұйыруы тиіс. Отандастарымыз бұл спорт түрінен де кем дегенде бір медаль күтетін анық. Сонымен қатар, Абзал Рақымғалиев пен Элизабета Тұрсынбаеваның құрлықтық бәсекеде спорттық қарымын дәлелдейтін тамаша мүмкіндік туып тұр.

Конькимен жүгіру спортынан да жүлде алуымыз ықтимал. Универсиадада сәтсіз нәтиже көрсеткен ерлеріміз, енді жапон жерінде атой салады деп күтеміз. Бұл спорт түрінен жарыс қожайындарының да өз айтары бар. Дегенмен, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Екатерина Айдоволардың жүлде алатын мүмкіндігі жоқ емес.

Фристайлдың могул түрінен Дмитрий Рейхердке үміт артамыз. Құраманың басқа спортшылары демалыс алған. Универсиадада бар жүлдені иеленген спортшыларымыз, Азиадада қоржынымызды бос қайтармауы тиіс.

Шорт-трекшілеріміз де Универсиададан кейін демалыс алған. Саппороға жас спортшылардан тұратын құрама барады. Оңтүстік Корея мен жергілікті спортшылардың бәсекесінде біздің елге де жүлде бұйырып қалар деп үміттенеміз.

Шаңғы жарысынан да жүлдеге ілінетіміз анық. Қазақстан сапында Николай Чеботько мен Елена Коломина секілді тәжірейбелі спортшылар Жапония жеріне аттанады. Біздің құрама сапындағы басқа да мықты спортшылар жеңімпаздар тұғырынан көрінуі ғажап емес.

Хоккейшілерімізден де жақсы нәтиже күтеміз. Сары құрлықта алдымызға жан салмауымыз керек. Дегенмен, Универсиада кезінде қытайлықтар да, жапониялықтар да біздің қыздардың алдында болды. Бұл құрлықтағы осы спорт түрінің дамуының белгісі десек болар. Алдағы уақытта қазақстандықтардың Азиядағы үздік құрамалардың бірі екенін дәлелдеуі тиіс.