Бүгін «Алматы Арена» мұз айдынында 28-ші қысқы Универсиаданың жабылу салтанаты өтті.

Биылғы дүниежүзілік студенттік ойындарда қатысушылар санынан рекорд орнатылды Алматыда өткен жарысқа 57 елден спортшылар қатысып, 87 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Универсиаданың жеңімпазы атанған команда – Ресей құрамасы. Көрші елдің еншісінде 71 медаль бар (29 алтын, 27 күміс және 15 қола). Екінші сатыда турнир қожайындары Қазақстан құрамасы жайғасты (11 алтын, 8 күміс және 17 қола). Оңтүстік Корея үздік үштікті қорытындылады (11 алтын, 5 күміс және 5 қола).

«Бұл Универсиада ең масштабты студенттік ойындар ретінде тарих бетінде қалады. Миллиардқа жуық телекөрермендер бұл жарысты теледидар арқылы тамашалады. Бұған қоса, Алматы тұрғындары Универсиадаға арнайы салынған спорт кешендерінде жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының керемет өнерін ерекше атап өткім келеді. Барша қазақстандықтарды бұл жеңіспен құттықтаймын», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Жабылу салтанаты барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек ФИСУ туын Унивесиаданың келесі астанасы Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатовқа табыстады.