Алматыдағы Villa Boutiques and Restaurants кешенінде тілшілер Австрия делегациясының басшылары және спортшыларымен бейресми кездесу өткізді. Астана қаласындағы Австрия елшілігінің атынан консул Зиглинда Шпанланг ханым, Алматыда тұратын автриялықтар мен қазақстандық компания өкілдері спортшыларды қарсы алды.

Автрия делегациясының жетекшісі Хемма Ангере ханым мен спортшылар Пия Мешик және Линус Хайдеггер Универсиададан алған әсерлерімен бөлісіп, жарыс жайлы пікір білдірді.

Хемма Ангере, Австрия делегациясының жетекшісі:

«Универсиада жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бәрі бүге-шүгесіне дейін ойластырылған. Ашылу салтанаты да керемет әсер қалдырды. Бұл нағыз Олимпиаданың ашылу салтанаты сияқты. Сонымен қатар, сол шарада Қазақстанның тарихы айқын көрініс берді. Біз елдің осы күнге дейінгі тарихын елестете алдық. Жалпы, Алматының дайындығында мін жоқ», - деді Хемма Ангере.

Сондай-ақ, кездесуге келген сноубордшы Пия Мешик те жарыс жайлы пікір білдірді.

«Шымбұлақ – өте керемет жер. Бұл жердегі жарыс жолы да жақсы. Басқа спорт түрлерінен де жарыстар осында өткені қуантады. Біз жарысты тамашалап, басқа спортшылармен таныса аламыз.

Осыған дейін Қазақстанның қонақжайлылығы жайлы көп естігенмін. Бірақ, менің осында көргенім ойлағанымнан да асып түсті. Бұл жердің халқы өте қонақжай. Сонымен қатар, таулары да, қала да көз тартады. Өкінішке қарай, мен әлі қаланы аралап көрмедім. Дегенмен, Австрияға оралғанға дейін қала кереметтерін бір көріп қайтамын деп жоспарлап отырмын.

Жарыс жақсы деңгейде өтті. Мен жоғарғы орыннан көріне алмадым. Тұман мен қардың әсері тиді. Бірақ бәріміз бірдей жағдайда сайысқа түстік. Сондықтан да бұған өкпелей алмаймын», - деді Пия.

Линус Хайдеггер, Универсиаданың қола жүлдері:

«Универсиада жақсы деңгейде ұйымдастырылды деп айта аламын. Менің мақсатым медаль алу еді. Мақсатыма алғашқы жарысымда-ақ жеттім. 5 мың метр қашықтықта қола жүлдегер атандым. Енді 10 мың метрде бағымды сынамақпын.

Қазақстандық спортшылардың да дайындығы жақсы деңгейде деп айта аламын. Роман Креч – біз санасатын спортшылардың бірі», - деп аяқтады Линус.

Тілшілермен болған кездесуден кейін, делегация мен елшілік өкілдері бас қосып, спортшыларды құттықтады.

Австрия делегациясының барлық мүшесі өздеріне арнайы ұйымдастырылған кеште болып, кейбір спортшылар ұлттық киімдерін киіп барды.

Айта кетейін, Автрия құрамасы сапында 20 атлет 6 спорт түрінен бақ сынауға келген. Олардың үшеуі қола медаль алып, қазіргі күні жалпы командалық кестенің 16-шы сатысына тұрақтаған.

Фото: Руслан Қанабеков