Ережесіз жекпе-жектен UFC ұйымының президенті Дана Уайт америкалық Ронда Роузидің октагонға қайта шықпайтынын айтты.

Бүкіл әлемнің назарын әйелдер ережесіз жекпе-жегіне аудартқан қыз - Ронда Роузи. Дзюдодан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ММА-ге келе салып, қарсылас шақ келтірмеді. Қатарынан 13 жеңісі бар Роузиді былтыр оның отандасы Холли Холм тоқтатқан болатын. Қалай тоқтатты десеңізші! Бокстан бұрынғы әлем чемпион Ронданы «хай-кикпен» талдырып тастағаны әлі естеріңізде шығар.

Бұл жеңілістен кейін Роузи депрессияға ұшырап, бір жыл бойы октагонға шықпаған болатын. UFC ұйымы Ронданың кезіндегі жетістіктерін ескере отырып, оған чемпион болатын екінші мүмкіндік берді. Қарсыласы бразилиялық Аманда Нуньес еді. Фаворит болып есептелген Роузи жекпе-жек басталысымен соққылардың астында қалды. Нуньес бірден шабуылға ұмтылды, ал Ронда болса қарсыласының соққыларына еш төтеп бере алмады. Осылайша, Роузи қатарынан екінші кездесуін мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Бірден ММА жанкүйерлері Ронданың үлкен спортпен қош айтысатынын айтты. Роузидің өзі де, октагонға қайта оралмауы мүмкін екенін жеткізді. «Роузи октагонға қайта шықпайтын сияқты. Ол спорттан кетті деп ойлаймын. Ронда басқа дүниелермен айналысқысы келеді. Оның жинаған қаржысы мол, ол әйелдерге ММА-ге жол ашты», - деді UFC президенті Дана Уайт.

Айта кетер жайт, Роузи ММА-ден тыс талай фильмдерде түсіп үлгерді («Неудержимые 3», «Форсаж 6» және т.б). Кезінде әйелдер ережесіз жекпе-жегінде Джина Карано атты сүйкімді файтер болатын. Қазіргі таңда, бұл қыз - Голливуд жұлдызы. Спортты тастап, кино индустриясын бағындыруға кеткен еді. Тура осы жолды Ронда Роузи де таңдамақ. Бұл да дұрыс шешім шығар. Бүгін Роузиді 30 жасқа толуымен құттықтап, оған алдағы басталамарына сәттілік тілейік. Ронданың ММА-де жеткен жетістіктерін ұмытпайық.