Мельбурн қаласында 16-29 қаңтар аралығында теннистен өтетін Австралия ашық чемпионатына қатысатын қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда осы турнирдің іріктеу сайыстарынан өткен теннисшілердің бірі, америкалық Фрэнсис Тиафомен кортқа шығады. Бұрынғы ресейлік, өткен жылы ғана Қазақстан азаматтығын алған 19 жасар Александр Бублик те негізгі жарысқа іріктеу ойындары арқылы өтті. Ол осы турнирдің 16-ыншы ракеткасы, Франция елінің 1994 жылғы өкілі Люка Пуимен күш сынасады. Демек, қарсыласы әлдеқайда мықты.

Әйелдер арасында сында Қазақстанның бірінші, Австралия чемпионатының 31-ракеткасы Юлия Путинцева испаниялық Лара Арруабарренамен шеберлік байқасады. Юлия Ларадан бұрын бір рет жеңілгенімен, осы жолы қарымта қайтаруына мүмкіндігі бар. Тағы бір қазақстандық Ярослава Шведоваға қиындау тиеді. Ол турнирдің 27-інші ракеткасы, румыниялық Ирина Бегумен кездеседі. Бұрын есеп 1:1 болғандықтан, Мельбурнда қай жеңгені алға шығады. Ал Галина Воскобоева турнирдің 11-інші ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен бетпе-бет келеді. Бұрын Галина қарсыласын екі рет ұтып, бір мәрте жеңілгенімен, қазір украиналық теннисші нағыз дер шағында.

Айта кетейік, Австралия ашық чемпионаты - әлем біріншілігімен тең саналатын төрт «Үлкен дулыға» турнирінің алғашқысы. Оған қатысудың өзі үлкен мәртебе болып есептеледі. Әр жеңіс рейтингтік ұпай қорын молайтумен бірге қаржылай жағынан да пайдалы. Яғни ерлер де, әйелдер де 36,1 млн. астам АҚШ долларынан тұратын жүлде қорын бөліске салады.