Биылғы маусым ұлы айқастарға бай болмақ. Қазірдің өзінде бірқатар тамаша кездесулер ресми түрде жарияланды.

Мәселен, жартылай орта салмақтың көшбасшы боксшылары WBC чемпионы Дэнни Гарсия мен WBA белбеуінің иегері Кит Турман өзара мықтыны анықтайды. Айта кетер жайт, қос боксшы әлі күнге дейін ешкімнен жеңілмеген. Бұл жекпе-жек наурыздың 4-не жоспарланған.

Ал наурыздың 18-і жерлесіміз Геннадий Головкин америкалық Дэниел Джейкобспен толыққанды WBA чемпионы атағы үшін күш сынасады. Үш-төрт айға созылған келіссөздердің арқасында Джейкобстың командасы сыйақының 40 пайызын алатын болды. Яғни, қаржылық тұрғыда бұл жекпе-жек қос боксшыға көп табыс әкелмек. Қазіргі таңда, Головкиннен кейін орта салмақтағы ең үздік боксшы – Джейкобс. Демек, шаршы алаңда орта салмақтың үздік боксшылары кездеседі.

Аса ауыр салмақ дәрежесінде украиналық Владимир Кличко мен британиялық Энтони Джошуа арасында бізді қызық жекпе-жек күтіп тұр. Қос боксшының антропрометриялары бірдей әрі соққылары жойқын. Кличко ұзақ жылдар бойы «хэвивейте» чемпион болған, ал Джошуа болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшылардың бірі. Аталмыш айқас сәуірдің 29-ы, атақты «Уэмбли» стадионында өтеді.

Сондай-ақ, биыл біз Джеймс ДиГейл – Баду Джек, Карл Фремптон – Лео Санта Круз 2 сынды керемет айқастардың куәгері боламыз.

Өтуі мүмкін жекпе-жектер

Ресми түрде расталған жоқ, бірақ ұйымдастырылуы мүмкін қызық жекпе-жектер де толып тұр. Бұл тізімге украиналық Василий Ломаченко мен мексикалық Орландо Салидо арасындағы қарымта матчты жатқызуға болады. Сонымен қатар, Сауль «Канело» Альварес отандасы Хулио Сезар Чавеспен үлкен «мегафайт» ұйымдастырмақшы. Мексикалықтар үшін бұл нағыз тосын сый болмақ. Ресейлік Сергей Ковалев те америкалық Андре Уордпен матч-реванш өткізуі ықтимал. Екі боксшы арасындағы бірінші жекпе-жектің нәтижесі күмәнді болғаны бәрімізге мәлім. Филиппиндік Мэнни Пакьяо америкалық Теренс Кроуфордпен жұдырықтасуы мүмкін. Қос боксшының промоутері Боб Арум бұл жекпе-жекке қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр.