Англия премьер-лигасы баяғыдан футбол жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие. Жақында телевидиниемен жасалған келісімшарт (5.14 млрд фунт стерлинг bbc.com ақпараты бойынша) тұманды Альбиондағы клубтардың онсыз да күшті қаржылық мүмкіндіктерін арттыра түсті.

Англияның соңғы қатарлы клубтары Италия, Испания, Германияның үлкен командаларымен трансфер нарығында терезесі тең дәрежеде бәсекелестік жасай алады. Бұл өз кезегінде лигаға топ ойыншылар мен бапкерлердің келуіне септігін тигізіп, ойын және турнирлық тұрғыдан тартымды ете түсті. Бүгінгі таңда Англия премьер-лигасы дәстүрлі және электронды БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ең көп талқыланатын спорттық шара екені даусыз. Өкінішке орай еліміздегі қазақ тілді блог платформасында бүкіл әлем назарын аудартқан ағылшын премьер-лигасы туралы блогтар өте аз, аналитикалық (сараптамалық) стильде жазатындары мүлдем жоқ десек те болады. Сол себепті блогымызды аналитикалық жанрда жазуға тырысамыз (ақпараттық жанрда хабар іздейтіндерге сайттар мен газет-журналдар жеткілікті деп ойлаймын). Ақпарат беру көзіміз блог болғандықтан, тілі қарапайым және түсінікті болады. Қазақ тілі-өте бай, десек те қазіргі заман журналисттері мен блогерлері ақпаратты неғұрлым оңай сөздермен бергені дұрыс (p.s бұл-менің жеке пікірім, келіспесеңіз пікірлерде жазсаңыз болады, оқып санасуға дайынмын). Бүгіндері блогтарда көптеп қолданылатын балағат сөздер де "Англия тынысы" блогында жазылмайды. (қанша жерден "мода" болса да, балағат сөздерді ерсі деп білемін) Блогымызда жазбаларды көбірек жариялауға тырысамыз және жаңа идеялар мен кеңестерге ашықпыз."Англия тынысы" сіздердің көңілдеріңізден шығып, ағылшын футболына деген тыныстарыңызды ашады деп үміттенеміз!

P.S Бұл жазбада қолданылған сурет www.premierleague.com (Премьер-лиганың ресми сайтынан) алынған.