Молдованың Тирасполь қаласында басталған «Шериф кубогы-2016» халықаралық турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы кездесуде Ресейдің «Зенит» командасымен кездесіп, 3:3 есебімен тең ойнады.

ҚФФ ресми сайтының хабарлауынша, ойын басталған сәтте Еркебұлан Сейдахмет есеп ашып, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Сәлден соң команда капитаны Дінмұхамед Қашкен есепті еселей түсті. Алайда, бірінші таймның соңына дейін «Зенит» футболшылары таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші таймда Еркебұлан Сейдахмет соққан екінші голдан кейін Қазақстан құрамасы қайта алға шықты. Дегенмен, бүгінгі ойында Александр Кузнецов шәкірттеріне жеңісті есепті ұстап тұру мүмкін болмады. Қорытынды есеп - 3:3.

«Шериф кубогы-2016»

«Зенит», Санкт-Петербург - Қазақстан құрамасы - 3:3

Голдар: 0:1 - Сейдахмет, 2, 0:2 - Қашкен-пенальти, 11, 1:2 - И.Павлов- пенальти, 26, 2:2 - Баптиста, 40+1, 2:3 - Сейдахмет,74 3:3 - Сомов,75

Қазақстан: Устименко, Әйтім, Ілиясов (Шәмші 62), Совет, Ульшин, Махан (Қалыбаев 69), Орал (Кеңесов 62), Қашкен, Сейдахмет, Қайыркенов, Құдайбердінов (Усачев 20, Сидоров 69).