Ресейлік «файтер» Хабиб Нурмагомедов 4-ші наурыз күні өтетін UFC 209 турнирінде америкалық Тони Фергюсонмен кездеседі.

Нурмагомедов пен Фергюсон жеңіл салмақ дәрежесінде уақытша UFC чемпиондық белбеуін сарапқа салмақ. Естеріңізге сала кетсек, бұл салмақта чемпион - ирландиялық Конор МакГрегор. Жақында ғана «The Notoriоus» жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық титулынан айырылған болатын. Сондай-ақ, Конор «октагонға» оралуға асықпайтынын айтты.

Нурмагомедов пен Фергюсон осыдан бір жыл бұрын кездесуі керек болған. Бірінші рет ресейліктің жарақатына байланысты кездесу шегерілсе, екіншіде америкалық жарақат алған болатын.

Қазіргі таңда, қос боксшы керемет бабында. Нурмагомедов соңғы жекпе-жегінде Майкл Джонсонды техникалық нокаутпен ұтса, Фергюсон тәжірибелі Дос Аньостан басым түскен болатын. Қос боксшының ұзақ жеңісті сериясы бар. Демек, бізді өте қызық жекпе-жек күтіп тұр.

Сондай-ақ, бұл кездесуде Конор МакГрегордың келесі қарсыласы анықталады. Нурмагомедовтың чемпиондық жекпе-жекке шыққым келеді деген арманы орындалуға жақын. Ол үшін Хабиб Фергюсонды ұтуы керек. Артынша, МакГрегор - Нурмагомедов жекпе-жегінің куәгері боламыз.