Футболдағы ең маңызды амплуалардың бірі – жартылай қорғаушылар. Командалық ойынның негізін қалайтын да ортаңғы шептегі майталмандар. Қуанышымызға орай, біздің чемпионата жоғары деңгейлі орталық жартылай қорғаушылар көп.

«Prosports» сайты биылғы маусымның ең үздік жартылай қорғаушыларын назаларыңызға ұсынады. 7 орын Азат Нұрғалиев 30 жаста, бойы 173 см Клуб: «Астана»/«Ордабасы» Азаматтығы: Қазақстан Амплуасы: шабуылдаушы жартылай қорғаушы 28 матч, 2357 өткізілген минут, 12 гол, 5 нәтижелі пас, 5 сары қағаз

Нұрғалиев биылғы маусымды керемет бастады. Ел біріншілігнің бірінші матчында-ақ «Ақтөбенің» қақпасына екі гол соққан. Юнузович екеуі біріншіліктің басында «Орбадасыны» алға жетеледі. Шымкенттік клубта Азат алты гол соғып, төрт нәтижелі пас берген болатын. Маусым ортасында «Ордабасының» жетекші ойыншысын «Астана» «тартып» алды. Жаңа командада Нұрғалиев алаңға сирек шыққанымен маусым соңына дейін тағы алты гол соғып үлгерді. ҚПЛ-дағы 50-ші голын соққаннан кейін: - Бұл санға аса көңіл бөлмедім. Бірақ 50 гол соға алғаныма қуаныштымын. Футбол – командалық ойын. Мен үшін ең бастысы – командамның жеңісі.

6 орын Патрик Твумаси 22 жаста, бойы 176 см Клуб: «Астана» Азаматтығы: Гана Амплуасы: оң қапталдағы жартылай қорғаушы 28 матч, 2142 өткізілген минут, 5 гол, 8 нәтижелі пас, 2 сары қағаз

«Астана» сапында ең жиі алмастырылатын ойыншы Патрик Твумаси. Көбінде футболшыны 85-90 минуттар аралығында ауыстырады екен. Ганалық жартылай қорғаушы «Астананың» жетекші ойыншыларының бірі. Қазақстанда Твумасиден жылдам футболшы жоқ шығар. Патрик өз қапталынан керемет сытылып өтіп, әдемі пас берудің шебері. Ганалық футболшы нәтижелі пас көрсеткішінен ел чемпионатында екінші орын алды.

Ел чемпионатындағы жеңісінен кейін:

- Қандай кубокты ұтсақ та, бұл әрдайым маған үлкен қуаныш әкеледі. «Алтын дубль» жасау – керемет жетістік. Биылғы маусым біз үшін өте сәтті болды.

5 орын Роджер Каньяс 26 жаста, бойы 190 см Клуб: «Астана» Азаматтығы: Колумбия Амплуасы: орталық жартылай қорғаушы 31 матч, 2744 өткізілген минут, 1 гол, 1 нәтижелі пас, 5 сары қағаз

«Prosports» сайтының нұсқасы бойынша ҚПЛ-2015 маусымының үздік ойыншысы атанған Роджер биыл былтырғыдай мықты ойын көрсетпесе де үздіктер қатарында. Каньяс «Астананың» орталық шебінде ешкімге дес бермейді. Айта кетер жайт, колумбиялық футболшы биыл ел чемпионатының барлық матчына қатысты. Кезінде Каньяс «Бір-ақ бүйрегім бар болса да, кейбір екі бүйрегі бар ойыншылардан жақсы ойнаймын» деген еді, сонысы рас-ау. Биылғы маусым алдында айтқан сөздері:

- Өзімді «суретші» сезінемін. Футболда ойын өрнектегенді ұнатамын. Бірақ қорғаныста да пайдам тиеді. Орталық жартылай қорғаушы шабуыл мен қорғанысты байланыстыруы қажет.

4 орын Исаэл да Силва Барбоза 28 жаста, бойы 171 см Клуб: «Қайрат» Азаматтығы: Бразилия Амплуасы: оң қапталдағы жартылай қорғаушы 29 матч, 2319 өткізілген минут, 5 гол, 5 нәтижелі пас, 3 сары қағаз

ҚПЛ-дің ең үздік «дриблері» - Исаэл. Бразилиялық футболшы кез келген қарсыласын оңай алдай алады. Бұған қоса, екі аяғымен де жақсы ұрады. Исаэл – «Қайраттың» жетекші ойыншысы. Бразилиялық жартылай қорғаушы 90 минут бойы шаршамай шабуылдайтын футболшылардың бірі.

11-ші турда «Ертісті» (1:0) жеңгеннен кейін: – Әр ойынға біз мұқият дайындаламыз. Мен әрқашанда жылдам ойнауға тырысамын. Шапшаң қимылдауыма байланысты маған қарсы жиі ереже бұзады. Бірақ мұнда тұрған ештеңе жоқ – бұл менің жұмысым.

3 орын Неманья Максимович 21 жаста, бойы 189 см Клуб: «Астана» Азаматтығы: Сербия Амплуасы: орталық жартылай қорғаушы 31 матч, 2458 өткізілген минут, 3 гол, 2 нәтижелі пас, 1 сары қағаз

Қазақстан чемпионатындағы ең талантты жас футболшы еліміздегі екінші маусымын өткізді. Биыл сербиялық футболшыға «Лион» мен «Манчестер Юнайтед» қызығушылық танытқан болатын. Бірақ Максимович «Астанадан» кетуге асықпайды. ҚПЛ-дегі жақсы ойынына байланысты Неманья Сербия құрамасына шақырту алып, Ұлттық құрамада үш кездесу өткізіп үлгерді. Сондай-ақ, 21 жасар Немо Сербия жастар құрамасымен бірге Еуропа чемпионатына жолдама алды. «Астана» жаңа маусымда да Максимович өз қатарында сақтап қалса, бұл клубтың үздік трансфері болмақ. Ел чемпионатындағы жеңісінен кейін: – Керемет маусым өткіздік. Қазақстан чемпионаты мен кубогын ұттық. Осында тамаша маусым өткізгеніме қуаныштымын.

2 орын Бауыржан Исламхан 23 жаста, бойы 174 см Клуб: «Қайрат» Азаматтығы: Қазақстан Амплуасы: шабуылдаушы жартылай қорғаушы 31 матч, 2653 өткізілген минут, 17 гол, 10 нәтижелі пас, 3 сары қағаз, 1 қызыл қағаз

«Қайраттың» бас дирижері – Бауыржан Исламхан. Баторик жоқта алматылық клубтың ойыны бірден өзгереді. Гол+пас жүйесі бойынша жартылай қорғаушы тек әріптесі Жерар Гоуға ғана ұтылып қалды. Тағы бір қызықты жайт, Исламхан гол соққан матчта «Қайрат» міндетті түрде жеңіске жетті. Өзінің ең жарқын кездесуін Бауыржан 26-шы турда «Астанаға» қарсы өткізді. Онда ол бір гол соғып, үш нәтижелі пас берген. «Қайратпен» келісімшартты ұзартқаннан кейін: – Алматылық клубпен келісімшартты ұзартқаныма өте қуаныштымын. Ары қарай да жанкүйелерімізді әдемі ойынымен қуанту үшін бар күшімізді саламыз.

1 орын Андрей Аршавин 35 жаста, бойы 172 см Клуб: «Қайрат» Азаматтығы: Ресей Амплуасы: сол қапталдағы жартылай қорғаушы 28 матч, 1991 өткізілген минут, 8 гол, 7 нәтижелі пас, 5 сары қағаз

Қазақстан чемионатының бас жұлдызы өз ойынымен қазақстандық жанкүйерлерді ғана емес, сондай-ақ ресейлік фанаттарды қуанта алды. Тіпті көптеген ресейліктер Аршавин Ұлттық құрамаға оралуы тиіс деген пікір айтуда. Андрей ұзақ үзілістен кейін бұрынғы бабына келіп, «Қайратқа» көп пайдасын тигізді. Аршавин биыл әдемі пастары және голдарымен есте қалды. Атақты ресейлік футболшының Қазақстанға келуімен жергілікті стадиондарға жанкүйерлер жинала бастады.

Қазақстан кубогының финалдық кездесуінен кейін:

- «Қайратқа» сай ойын көрсетуім қажет. Әр кездесуде өз командама көмектескім келді. Ары қарай да алматылық команданың жанкүйерлерін қуантқым келеді.