Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы кәсіпқой боксшы Қанат Исламды шақырып, жастармен кездесу ұйымдастырды. Ондағы мақсат - жастарды жарқын азаматтардың өмір жолына үңілдіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеу.

ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, кездесу ойлағандай өрбіді. Кәсіпқой боксшы, WBA тұжырымы бойынша Латын Америкасы аймағының чемпионы Қанат Ислам шынашақтай баланың шын батырға айналу құпиясын ашты. Исі қазаққа танымал кәсіпқой боксшыны жаңа ақпараттық-технологиялық даму заманының жастары жазбай таниды. Таяуда бар желі бүгінгінің хас батыры жайлы, оның ерлігі туралы лек-легімен жазған. Әлемдік аренада еліміздің көк туын желбіретіп, даңқын асқақтатып жүрген спортшыға жастар зор қошемет көрсетті. Жеңісімен құттықтады.

Айта кету керек, Қанат Ислам 1984-ші жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы ұлттық құрамасы сапында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, 2006 жылы Азия ойындарының және 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Қытайдың он дүркін чемпионы. Орта салмақта өнер көрсететін спортшы дүниежүзілік бокс қауымдастығы WBA рейтингінің топ 5-тігінің қатарында.

«Ат айналып, қазығын табар». Ер елге, атажұртына оралды. Шаршы алаңда 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында басым түсті. Оның он жетісінде қарсыласын нокаутпен жеңді.

Жиын соңында қатысушылар кәсіпқой боксшыға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, спорттық карьерасына сәттілік тіледі. Оңттүстік жастары атынан даңқты спортшыға арнау айтып, бар қазақтың бағына туған баланың бәсі биік болуын тіледі.