Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам алдағы жоспарларымен бөлісіп, әлем чемпионы болуды мақсат қылатынын айтты.

«Менің мақсатым әлем чемпионы болу. Сол үшін тер төгіп жүрмін. Әлем чемпионы кім? Лара, Котто, Канело. Менің бокспен айналысқан уақытым олардан артық болмаса кем емес. Қазір кез-келгенімен жұдырықтасуға дайынмын. Осы орайда айта кеткім келеді, WBA-дің белбеуі үшін алаңдап, рейтинг сайтта неге көрсетілмеген деп уайымдаған жанкүйерлеріме, журналистерге, кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко мырзаға алғысым шексіз. Осындай жанашырларымның бары маған ерекше күш береді.

Бізге тұрып қалуға, көп күтуге болмайды. Чемпиондық атақ үшін болмаса да маған қазір жекпе-жек қажет. Сол атаққа біртабан жақындай беру керек. Осы уақытқа дейін бірнеше рет Лараға жекпе-жекке шығуға ұсыныс тастадық. Бас тартты. Егер мен рейтингте жоғарыласам, оған бас тартуға мүмкіндік болмай қалады. Сол үшін көбірек жекпе-жек өткізіп, рейтингте жоғарылау керек. Тек WBA емес, барлық тұжырым бойынша чемпион болу керекпін. Бұл менің мақсатым», - деді Қанат Nur.kz сайтына берген сұхбатында.