Солтүстіккореялық ауыратлет Ом Юн Чхол 56 келіге дейінгі категорияда алтын медаль ала алмағаны үшін КХДР лидерінен кешірім сұрады. Бұл туралы AFP жазған."Ол әрқашан маған шабыт сыйлайтын адам болып қалады, өкінішке қарай, мен оның бұл жақсылығына алтын медальмен жауап қайтара алмадым. Тағы да жарыстарға барып, алтын медаль ала аламын деп үміттенемін", - деп мәлімдеді Ом Юн Чхол КХДР-дың 2011 жылы қайтыс болған лидері Ким Чен Ирді айта отырып. Сонымен қатар, ол жеңіп алған күміс медалімен халқы үшін қаһарман бола алатынына күмәнмен қарайтынын айтты. Еске салайық, бұл атлет Лондонда 2012 жылы өткен Олимпиадада бірінші орын алған еді. Сол кезде ол солтүстіккореялық лидерлер Ким Чен Ир мен Ким Чен Ынға алғыс айтқан болатын. Айта кетейік, солтүстіккореялықтың салмағында қазақстандық Арли Чонтей де өнер көрсеткен еді.