русский язык
Басқа

Әлия Юсупова: Олимпиаданың финалына өтуге тырысамыз

Әлия Юсупова: Олимпиаданың финалына өтуге тырысамыз
news-banner7
mobile-news-top

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Жарыстың соңғы күні де ел спортшылары үшін сәтті өтті. Қазақстан ересектер құрамасы 5 шығыршықпен жаттығуда Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанса, жасөспірімдер командасы топтық көпсайыстан алтын және күміс медаль иеленді. Сондай-ақ, сайыста Елжана Таниева тағы бір «алтын» жеңіп алып, шығыршықпен жаттығудан Азия чемпионы атанды. Бұған қоса ол доппен жаттығуда үшінші орыннан көрінді.

ӘлияФото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біздің Азия чемпионатына қатысудағы мақсатымыз – Олимпиадаға жолдама ұтып алу. Сол үшін біз бар күшімізді салып, дайындық жасадық. Қыздарымыз сайыста жақсы өнер көрсетті, Елжана Таниева бірінші орын иеленіп, Олимпиада лицензиясын ұтып алды. Бұл өте жақсы нәтиже саналады. Осы кезге дейін өткен Рио-де-Жанейро және Токио Олимпиадаларында Қазақстанда бір жолдамадан ғана болған», - деп мәлім етті көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, енді төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел намысын қорғайтын Елжана Таниевамен қарқынды дайындық басталады.

ӘлияФото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Азия чемпионатынан кейін қыздарға қысқа мерзімді демалыс беріледі. Одан кейін қарқынды дайындық жүргіземіз. Бағдарламаны өзгертеміз, яғни оған күрделі элементтер қосу керек. Жалпы Қазақстанда көркем гимнастика жақсы дамып келеді. Спортшыларымыз Азия чемпионы атанды және жасөспірімдер арасында қыздарымыз бірінші орын алды. Мәселен, София қаласында (Болгария - авт.) өткен әлем кубогында Елжана Таниева ең мықтылар арысында 5-орын алды. Бұл Елжанаға Олимпиаданың финалына өтуіне мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Соған тырысамыз», - деді Ә.Юсупова.

Е.Таниеваның жеңісін бүгін Айбота Ертайқызы жалғады. Ол таспамен жаттығуда 32,90 ұпаймен топ жарды. Сонымен қатар, Айбота доппен жаттығуда күміс, шығыршықпен жаттығуда қола медаль еншіледі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;