Бокс

Нельсон Лопес: Қанат Ислам қазір нағыз бабында

Нельсон Лопес: Қанат Ислам қазір нағыз бабында
news-banner7
mobile-news-top

Кәсіпқой бокс әлемінде Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген боксшы Қанат Исламның промоутері Нельсон Лопес бокс әлемінде атағы бар «Қазақтың» алдағы жекпе-жегі мен дайындығы туралы айтып берді. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Промоутердің айтуынша, Қанат Ислам қазір нағыз бабына келген, шаршы алаңда кез келген боксшымен шығуға әзір. Осы себепті «жұлдызды» кәсіпқой боксшылар онымен шығуға батылы бара бермейтін көрінеді.

«Қанат 12 раундтың бәріне дайын. Нағыз бабында. Әлемдік атағы бар көптеген боксшылар онымен шаршы алаңға шыққысы келмейді. Біз Эрисланди Лараның промоутерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ Лара Қанат үшін ыңғайлы қарсылас деп айта алмаймын. Лара көбінесе қорғаныстың боксшысы. Ондайлар қанша жеңіске жеткенімен жұлдыз бола алмайды», - дейді Нельсон Лопес.

Промоутер Қанаттың соңғы кездесулері туралы сауалдарға да жауап берді. Нельсонның сөзіне сүйенсек, жоғарыда айтылғандай «Қазаққа» соңғы кездері ылғи «қорғаныстың боксшылары» кездесіп қалып жүрген.

«Қанат неге бірінші раундта қарсыласын құлатпайды, неге нокаут жоқ деп айтып жатқандар бар. Олай айтатындар бокстың қыр-сырын білмейтін адамдар. Біздің мақсатымыз - бірінші раундта құлату емес. Қанат өзін барынша ұстай біледі. Әуесқой бокстағылар 3 раундқа барын салады. Әл қазіргі таңда Қанаттың кәсіпқой бокста жүргенін ескеру керек. Егер бар күш-қуатын алғашқы төрт раундқа салып жіберіп, діттеген мақсатына жете алмай қалса, ары қарай не болады? Сондықтан, Қанат күшін 12 раундқа барынша тең бөлуі тиіс», - дейді ол.

Нельсон Лопес бүгінгі күні бастысы ақшаға емес, Қанаттың имиджін көтеруге көптеп күш салып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақтың» промоутерлік тарабы біреудің шартын қабылдайтындай емес, шарт қоя білетіндей дәрежеге жетуі керек.

«Ақша төлесең кез келген боксшы кез келген әлемнің нүктесіне барады. Ақша деп еді, Мейвезер Макгрегормен шығып кетті ғой. Мықтылар өздерінің шарттарын қояды. Біздің мақсат - есепсіз төбелестіре беру емес, қазақстандық боксшыларды көтеру. Тоқсаныншы жылдардан бері қазақстандық боксшыларды бақылап жүрмін. Сегіз боксшымен жұмыс істедім. Менің арманым - кездесуді біздің шарттармен өткізу», - деп түйді Нельсон Лопес.

Еске сала кетсек, 9 қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында Қанат Ислам (24-0, 19КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Боксшылар бірінші орта салмақтағы IBF титулына үміткерлік үшін таласады. Осы жекпе-жектің андеркартында 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Олар - Жаңқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2КО), Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1КО). Барлық боксшыларымыз осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер