Басқа

Асылжан Бақытжанұлы: Ел үмітін ақтауға тырысамын

Асылжан Бақытжанұлы: Ел үмітін ақтауға тырысамын
news-banner7
mobile-news-top

«ALASH PRIDE» клубы АСВ промоушенімен бірлесе отырып, 9-қыркүйекте, Алматы қаласының 1001 жылдығы құрметіне, Алматы əкімдігінің қолдауымен, аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирін өткізеді. Турнирдің басты кездесуінде Арман Оспанов кезекті жекпе-жегіне шығады. Аталмыш сайыста жеңілмеген жерлесіміз Асылжан Бақытжанұлы да өнер көрсетеді. Болашағы зор спортшымыз «АСВ-69» турнирі алдындағы дайындығы жайлы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Асылжан, кезекті жекпе-жегіңе дайындалуда екенсің. Жалпы қандастарымыздың басым көпшілігі сенің есіміңді естімеді. Сондықтан өзің және кәсіби спортқа келуің жайлы айтып өтсең...

- Мен 1990 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Ғабит Мүсірепов атындағы № 86-шы мектеп-гимназиясының түлегімін. Спорттағы алғашқы қадамымды сол мектеп қабырғасынан бастадым. Жастайымнан күреске жақын болып, дзюдомен айналыстым. Бәлкім, сол кезден жекпе-жек түреліне құлшынысым пайда болған болар.

Сегізбұрышқа келетін болсақ, жұдырықтасу әдісін ұнатамын. Кәсіпқой спортта жеті жекпе-жек өткіздім. Оның алтауында жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласыммен тең түстім.

- Қыркүйек айында өткізетін жекпе-жегіңе дайындығың қалай?

- Таиланд еліндегі оқу-жаттығу жиындарында жүргенде жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс алып, келісімімді берген едім. Жекпе-жекке дайындық жақсы. Қазіргі таңда бапкерім және көмекші жігіттермен бірге жаттығудамын. Кездесуге дайындық мәселесі бойынша соларға толық сенім артып отырмын.

- Қарсыласыңның жекпе-жектерін қарап зерттедің бе?

- Бір-екі жекпе-жегін қарадым, бірақ әлі толықтай зерттедім деп айта алмаймын. Жалпы, қарсыласым тәжірибелі. Кәсіпқой деңгейде 40-қа жуық жекпе-жек өткізген. Бұйырса, бұл жекпе-жек өзім үшін де үлкен сынақ болмақ. Себебі өз елімде өнер көрсетемін. Ел үмітін ақтап, жеңіске жетуге барымды саламын.

- Өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету қосымша жүк артады. Қобалжу бар ма?

- Қобалжу әзірге жоқ. Алайда жекпе-жек алдында кішкене үрей болады. Октагонға үйренісіп, қызып алғаннан соң бәрі ұмытылып кетеді.

- Елді шулатқан МакГрегор – Мейвезер және Головкин - Канело жекпе-жектеріне болжамың қандай?

- Егер МакГрегор бесінші раундқа дейін қарсыласына ештеңе істей алмаса, ұпай саны бойынша Мейвезер ұтады деп ойлаймын. Ал Головкин – Канело жекпе-жегіне келер болсақ, әрине, бәріміз Генаға жанкүйер боламыз. Головкиннің жеңісіне еш күмәнім жоқ.

- Сұхбатыңызға рахмет! Үлкен жеңістер тілейміз!!!

Естеріңізге салайық, 9-қыркүйекте, «Алматы-Аренада» аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирі өтеді. Арман «Сұңқар» Оспанов аталмыш турнирде əлемдегі рейтингісі жоғары файтермен айқасқа түспекші. Жеңіске жеткен жағдайда, Арман үшін UFC келісімшартына қол қоюға зор мүмкіндік туады. Жалпы жекпе-жек кешінде 15 жұп кім мықтыны анықтамақ. Ал Асылжан Бақытжанұлы америкалық Джаред Торгесонмен күш сынаспақ. Сонымен қатар, аталмыш турнирде Асу Алмабаев, Қаршыға Даутбек, Евгений Егембердиев, Бақытжан Несіпбек сынды жерлестеріміз жəне легионер Мурод Хантураев (Өзбекстан) өз өнерлерін паш етпек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер