Басқа

«Astana polo club» шөгеннен Қазақстан чемпионы атанды

«Astana polo club» шөгеннен Қазақстан чемпионы атанды
news-banner7
mobile-news-top

Алматы облысының Талғар ауданында шөген спортынан Қазақстанның екінші біріншілігі өз мәресіне жетті.

Аргентина елінде пайда болған шөген спортынан Қазақстанның алғашқы біріншілігі 2016 жылы өткен болатын. 11 тамыз күні бастау алған екінші ел чемпионатында «Almaty polo club», «Astana polo club», Әулиеата шөген клубы, Ақмола облысының шөген федерациясы, Оңтүстік Қазақстан облысының шөген федерациясы және Аққия шөген клубтары бақ сынаған.

«Бүгінде шөген спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Қазақстанның бірнеше өңірлерінде федерациялар ашылып, жемісті қызмет атқарып келеді. «Almaty polo club» пен «Astana polo club» командалары халықаралық жарыстарда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр», - деді құттықтау сөзінде Қазақстан шөген спорты федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек.

Алғашқы біріншіліктің чемпионы Әулиеата командасы жартылай финалдық кездесуде алматылық спортшыларға есе жіберіп, үшінші орын үшін Ақмола облысының құрамасымен күш сынасты. Ал «Almaty polo» мен «Astana polo club» командалары финалда кездесті.

Жүлде қоры: 2 миллион теңге

І орын: 1 миллион теңге

ІІ орын: 600 мың теңге

ІІІ орын: 400 мың теңге

Қола жүлде үшін таласта Әулиеата командасы фаворит болған. Бірінші чакерде өткен жылғы чемпиондардың шөгеншісі Ерсұлтан Әзімбаев есепті ашқан. Ойынның екінші бөлігінде жамбылдық команданың капитаны Нұрдәулет Момынов 60 метрлік айыпдобын дәл орындап, есепті еселей түсті. Төртінші чакердің басталғанына үш минут өткенде Ақмола облысы құрамасының ойышысы Дәулет Әбдіәріп есеп айырмасын бір допқа қысқартты. Дегенмен Ақмола облысы құрамасының бұдан артыққа шамасы жетпеді. Қорытынды есеп – 2:1, Әулиеата шөген клубының пайдасына.

Жамбылдық ұжым екі жыл қатарынан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқы ел чемпионатында топ жарса, биыл чемпиондық атағын қорғай алмай, қола жүлдені қанағат тұтты.

Қазақстан чемпионаты

Жартылай финал

Әулиеата шөген клубы - Ақмола облысының құрамасы 2:1 (1:0, 1:0, 0:0, 0:1 )

Әулиеата шөген клубы: 1 - Н.Момынов, 2 - А.Бердіқұлов, 3 - С.Рахманбердиев, 4 - Е.Әзімбаев

Ақмола облысының құрамасы: 1 - Н.Амзиев, 2 - Д.Әбдіәріп, 3 - Б.Мәдеш, 4 - Е.Жарылқасын

Чемпиондық үшін талас Алматы және Астана клубтарының арасында өрбіді. Ойын бастала салысымен шабуылға шыққан «Almaty polo club» командасының шабуылшысы Қуаныш Мұсабеков қарсыласының қақпасын дәл көздеді. Араға бірнеше минут салып елордалық ұжымның шөгеншісі Елдос Асыл таразы басын теңестірсе, артынша Құрманбек Тұрғанбек «Astana polo club» командасының екінші голын соқты. Екінші чакер басталысымен қос команда гол алмасты. Алдымен астаналық Елдос Асыл командасының үшінші голын соқса, артынша Кэмиль Мамедов айып добын дәл орындап, есептегі айырманы қысқартты. Ойынның екінші кезеңі аяқталғанша Құрманбек Тұрғанбек дубль авторы атанды. Ал алматылық команданың ойыншысы Ербол Мұсабеков айырманы бір голға қайта қысқартты. Үшінші чакерде Ербол Мұсабеков пен Кэмиль Мамедов бір-бір голдан соқты. «Astana polo club» командасының капитаны төртінші кезеңге гол соғып, матчтағы есепке нүкте қойды.

Финал

«Almaty polo club» - «Astana polo club» 4:5 (1:2, 2:2, 1:1, 0:1 )

«Almaty polo club»: 1 - Қ.Мұсабеков, 2 - С.Тұрлыбаев, 3 - Е.Мұсабеков, 4 - К.Мамедов

«Astana polo club»: 1 - Е.Құрманбай, 2 - Д.Игембаев, 3 - Е.Асыл, 4 - К.Тұрғанбек

Жарыстың бас төрешісі: Айдын Жәкежанов

Осылайша, «Astana polo club» командасы алматылық ұжымды жеңіп, шөген спортынан Қазақстанның чемпионы атанды. Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек чемпиондарға арнайы кубокты пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Жарыстың үздік ойыншысы болып «Almaty polo club» командасының капитаны Қуаныш Мұсабеков танылды.

Ал «үздік поло пони» болып Кэмиль Мамедовтың «Маусым» атты сәйгүлігі танылды.

Айта кетейік, 2012 жылы Өмірзақ Шөкеев мырзаның бастамасымен Қазақстан шөген федерациясының негізі қаланды. 2014 жылы федерация президенті болып Асылжан Мамытбеков мырза сайланды. Содан бері Федерацияның атқаратын жұмысының бірнеше бағыты айқындалып, елімізде полоны дамытудың негізгі алғышарттары жасалды. 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық поло федерациясының Бас Ассамблеясында мүшелікке қабылданды.

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер