Басқа

Арман Оспанов: UFC-дегі талай жігітті спаррингте ұттым

Арман Оспанов: UFC-дегі талай жігітті спаррингте ұттым
news-banner7
mobile-news-top
«ALASH PRIDE» клубы АСВ промоушенімен бірлесе отырып, 9-қыркүйекте, Алматы қаласының 1001 жылдығы құрметіне, Алматы əкімдігінің қолдауымен, аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирін өткізеді.
Ұлтымыздың мақтанышы, әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы, жекпе-жек шебері Арман «Сұңқар» Оспанов бұрын соңды елімізде болмаған дүбірлі додаға арнайы промо-ролик түсірген еді. «АСВ-69» турнирі қарсаңындағы дайындығы мен болашақ жоспары жайлы танымал файтеріміз Prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат барысында айтып берді.

- Арман, «АСВ-69» турнирі алғаш рет елімізде өтеді. Басты жекпе-жекте өзіңіз айқасқа түсесіз. Жалпы турнирге дайындық қалай?

- Құдайға шүкір, барлығы жақсы. Туған жерімде өтетін турнирдің басты жекпе-жегінде сайысқа түсу – үлкен жауапкершілік. Өз елімде, ағайын-бауырларымды, қандастарымды қапы қалдырмаймын деген ойдамын. Сол үшін барымды саламын. Қазіргі таңда, жаттығу жиындар өткізіп, еңбек етудемін.

- Бұған дейін берген сұхбатыңызда қарсыласым жақын күндері белгілі болады деп айтыпсыз...

- Алғашында АСВ промоушені қарсыласым ретімде Тиаго Таваресті берген болатын. Алайда ол белгілі бір себептерге байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартты. Ал содан кейін қарсыласың армениялық Акоп Степанян болып қалуы мүмкін деді. Өкінішке қарай, олар әлі нақты жауабын бермей отыр. Сол себепті қарсыласым әлі белгісіз.

- Армениялық спортшыны алдын ала зерттеп, жекпе-жектерін қарадыңыз ба?

- Акоп Степанян ережесіз жекпе-жек спорт түріндегі беделді, дәрежелі спортшы. Осы күнге дейін ММА-дің «жілігін шағып, майын ішкен» адам десем артық емес. Кезінде Америкадағы Bellator ұйымында да өнер көрсеткен, топ файтерлер тізімінде болған. Жасы 30-дан асқан, әлі бабында жүрген спортшы. Соңғы жекпе-жегін АСВ ұйымы аясында өткізіп, тура менің әдісіммен - қарсыласын айналып теуіп нокаутқа түсірген болатын. Кейін әлеуметтік желіде «техникалық орындалу жағынан Арманның нокаут мықты ма, әлде Акоптікі ма?» деген үлкен пікірталас жүріп, екеумізді салыстырған болатын. Жалпы алғанда, Акоп Степанянның тұрып төбелесуді ұнататын файтер. Қателеспесем, кикбоксингтен әлем чемпионы, К-1 ұйымы бойынша да өнер көрсеткен тәжірибесі мол спортшы. Онымен шығып жатсам жаман болмас деп ойлаймын.

- Арман, қазақстандық спорт сүйер қауым сізді беделді UFC ұйымы аясында айқасқа шығатын алғашқы қазақстандық болады деп болжамдауда. Осы күнге дейін барша қазақтың көкейінде жүрген сұрақ – Оспанов UFC-ге қашан шығады? АСВ-69 турниріндегі жекпе-жектен кейін UFC ұйымымен келісімге келу мүмкіншілігі артады ма?

- Мен өзімді мақтап, көтермелеген емеспін. Қара пиар іздеуден аулақпын. Менің өнерім мен еңбегіме халық өзі куә. Олар менің еңбекқорлығымды көріп, өз бағасын беруде, кейде Арман сен әлемдегі ең беделді промоушендерде өнер көрсетуге лайықтысың деген пікірлерін айтып жатады. Бәлкім мен дәрежемнің қалай өскенін байқамай қалдым. Себебі сол жақтағы спортшылармен спарринге түсіп, ұтып жаттым. Олардан бір бас жоғары тұрсам да күмәнданатынмын. Себебі менде халқымды ұятқа қалдырмасам деген ой мен уайым болды. Негізі қазақты уайым жейді, қазақ өзі уайымшыл халық. Елім, жұртым не дейді, ағайын туыс не дейді деген ой кетпейді бірақ сол ойды ұстана жүріп спортқа жұмыс ретінде қарап, дәрежені өсіріп, шыңдалу қажет. Халық қалып айтпайды, мен өзім сол UFC тұжырымында өнер көрсетуге дайынмын деп ойлаймын.

- Макао төрінде жерлесіміз Қайрат «Қазақ» Ахметов белбеуін қорғап қала алмады. Қайрат бауырымызға не жетіспеді? Екі жыл жекпе-жекке шықпағаны әсер етті ме?

- Әрине, пікір көп. Қайрат ұтса да, ұтылса да ойлар туындап, ел аузында пікірталас жүретін еді. Спорт болғаннан кейін, ел алдында көзге түскеннен соң әр адам пікір білдіруге құқылы. Кездесуде оның бұрышында болдым, оқу жаттығу жиында да бірге болдық. Ашығын айту керек, Қайрат бауырымыз қазақтың нағыз батыры. Елімізде ММА спортының дамуына ерекше үлес қосқан азамат. ONE FC тұжырымы бойынша чемпион болған алғашқы қазақ. Бұған дейін 23 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Жекпе-жекке дайындық тек физикалық тұрғыда емес, оның ішінде психология, диета ұстау, ұйықтау қабілеті, үйдегі жағдай мәселелері сегізбұрышқа келгенде бір қалыпты болу керек. Жаттығу жиынында ол бізден артық еңбек етіп, тер төкті. Меніңше, Қайраттың ұтылуына психололгиялық тұрғысы әсер еткен сияқты. Мүмкін октагоннан тыс өзінің жеке жағдайлары да болып қалған шығар. Жалпы мен оған кездесу алдында «Қайрат сен осы салмақтағы дивизионның чемпионысың. Өзіңді чемпион ретінде ұста және оны дәлелдеу керексің» деп жігер берген елдім. Ол оны ұғып бойына сіңірді. Алайда бірде бағың, бірде бабың шабады. Қазақта «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген сөз бар. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.

- Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы кездесуде сәттілік тілейміз!

Естеріңізге салайық, 9-қыркүйекте, «Алматы-Аренада» аралас жекпе-жектен үлкен халықаралық «АСВ-69» турнирі өтеді. Арман «Сұңқар» Оспанов аталмыш турнирде əлемдегі рейтингісі жоғары файтермен айқасқа түспекші. Жеңіске жеткен жағдайда, Арман үшін UFC келісімшартына қол қоюға зор мүмкіндік туады. Жалпы жекпе-жек кешінде 15 жұп кім мықтыны анықтамақ. Оның ішінде Асылжан Бақытжанұлы, Асу Алмабаева, Қаршыға Даутбек, Евгений Егембердиев, Бақытжан Несіпбек сынды жерлестеріміз жəне легионер Мурод Хантураев (Өзбекстан) өз өнерін паш етпек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер