Футбол

Станимир Стойлов: Дәл бүгінгідей «Астананы» бірінші рет көрдім

Станимир Стойлов: Дәл бүгінгідей «Астананы» бірінші рет көрдім
news-banner7
mobile-news-top

«Астана» УЕФА Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында польшалық «Легияны» өз алаңында 3:1 есебімен ұтқан болатын. Матчтан кейін елордалық команданың бас бапкері Станимир Стойлов кездесу туралы өз пікірімен бөлісті. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі хабарлады.

- Жақсы ойын көрсеттік, жоспарымызды жүзеге асыра білдік. Бірақ бұл матчта мүмкіндіктеріміздің тек 50 пайызын ғана пайдаландық. Екінші ойын сырт алаңда оңай болмасы белгілі. Бұл матчта да осы қалпымызда ойнауға тырысамыз. «Легияның» таланатты ойыншылары бар екені белгілі болды.

- Стадиондағы жанкүйерлердің қолдауы жеңіске қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

- Бізді қолдаған жандарға алғысымыз шексіз. Өз алаңымызда олардың қолдауы жеңіске үлкен әсерін тигізді.

- Ал төрешінің кейбір шешімдеріне наразы емессіз бе?

- Мен төрешіні сынағанды ұнатпаймын. Өз басым Кабананганы ұрып құлатқан сәтті ғана анық көре алдым. Ал қалғанын бейнежазбадан анық көрген соң ғана айта аламын.

- «Спартакқа» қарсы екінші ойыннан кейін «Астана» босаңсып қалғандай болды. Ал бұл матчта басқа команданы көргендей болдық...

- Жігіттеріміз жинақы ойнап, қарсы шабуылға уақытында шығып тұрды. Бірақ қақпамызға гол жіберіп алғанымыз бізге қиындау болып тұр. Екінші ойын оңай болмасы анық. Мен жалпы дәл бүгінгідей «Астананы» бірінші рет көрдім. Жігіттер өздеріне жүктелген міндеттің барлығын тиянақты атқарып шықты.

- Деспотовичтің жағдайын қаншалықты бағалайсыз?

- Деспотовичтің жағдайы қиындау сияқты. Оның қатардан шығып қалғаны маңызды сәтте қиын болғаны анық.

- Варшавада қандай ойын күтеміз? Команда қорғанысқа көбірек көңіл бөле ме, әлде..?

- Варшавада бізді нағыз сын сәті күтіп тұр. Біз осы матчтағы деңгейде ойнау үшін барымызды саламыз. Осы күнге дейін нақты қорғанысқа жатып алған емеспін.

- Варшавадағы кездесуде неден қауіптенесіз?

- Ең бірінші өз командамнан қауіптенемін. Бәрі бүгінгідей өтсе нұр үстіне нұр болар еді.

- Роман Мұртазаев пен Евгений Постниковты алмастыруыңыздың басты себебі неде?

- Мұртазаев талантты әрі жас ойыншы. Алғашқы таймда жақсы ойнағанмен, екінші таймда шабуылға дер кезінде ілесе алмағанын байқадым. Сондай-ақ, қорғанысымыз да аздап сыр бере бастағандай болды. Сол үшін Постниковты шығаруды жөн көрдім. Бірақ бұл тек қорғанысқа жатып алуды көздегенім емес еді. Әлі де болсын мүмкіндіктеріміз болатынын білдім. Байқасаңыздар үшінші гол соғылғаннан кейін де ойыншыларым қарымта шабуылға шығып жатты.

- «Астананың» осыған дейінгі Еуропада ойнаған қарсыластарынан «Легияны» кімнің деңгейіне сай деп ойлайсыз?

- «Селтикпен» бір деңгейде деп ойлаймын.

- Осындай маңызды кезде Деспотович жарақат алып қалды. Ал «Тобылға» Жалмұқан мен Ллуллакуды жалға бергендеріңізге өкінбейсіз бе?

- Трансферлік терезе 10 шілдеде жабылды. Осыған дейін Томасовты тіркеп үлгереміз деп ойладық. Сонымен қатар, шабуылда ойнайтын тағы бір ойыншы аламыз деп жоспарладық. Бірақ соңғы сәтте бұл ойымыз да жүзеге аспады.

- Бүгінгі кездесуде Мокин, Твумаси, Кабананга жақсы өнер көрсетті. Кімді үздік деп ойлайсыз?

- Бүгін үздік болған – «Астана» командасы!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер