Басқа

Гүлжанат Жанатбек – Астана марафонында топ жарудан үмітті

Гүлжанат Жанатбек – Астана марафонында топ жарудан үмітті
news-banner7
mobile-news-top

Рио Олимпиадасының қатысушысы, қазақстандық атлет Гүлжанат Жанатбек 27 тамызда Астанада өтетін халықаралық марафонға белсенді дайындалып жатыр.

Осы жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) жеңіл атлетикадан Астанада халықаралық марафон өткізу туралы келсімге келген еді. Бұл марафонды құрылғанына биылғы жылы 25 жыл толатын «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің» (АӨСШК) форумымен бірге өткізу жоспарланған.

Ұйымдастырушылар халықаралық марафонға 5 мың адам қатысады деп отыр. Марафоншылар 10, 42 және ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне сәйкес 2017 шақырымға жүгіреді.

Гүлжанат Жанатбек ең ұзақ қашықтық яғни 42 шақырым 195 метрге жүгіретін болады. Ол 2016 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 15 жылдығына байланысты өткізілген Қытайдағы марафонда 21 шақырымға жүгіріп, жеңіске жеткен еді. Осы жолы жерлесіміз толық марафонға жүгіруге бекініп отыр.

Жанатбек еліміздегі танымал атлеттердің бірі. Ол – Гонгонгте өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2016 жылы Олимпиада ойындарына қатысқан. Биылғы маусымда Шымкенттегі қысқы чемпионатта жартылай марафоннан бірінгі орын алды. Сәуір айында Душанбедегі дәстүрлі халықаралық жарыста алтыншы орыннан көрінді. Ал соңғы рет Алматыдағы ел чемпионатын ұтып алды.

– Негізі, Қазақстанда Ирина Смольникова ғана маған бәсекелес бола алады. Екеуміз бірге Рио де-Жанейро Олимпиадасына барғанбыз. Дегенмен, бұл жолы мен оны әжептеуір артта қалдырдым. Шынын айтсам, қазір менің басты бәсекелесім – уақыт. Уақытпен ғана жарысып, әр жолы өз көрсеткішімді жақсарта түсуім қажет, – деген еді чемпионаттан соң спортшы.

Гүлжанат биыл жаттықтырушысын ауыстырды. Қазіргі кезде ресейлік Лилия Шобухованың қарамағында жаттығып жүр. Маусым айында Қазақстан чемпионатынан соң, Ресейге ұшып кетті. Бүгінгі таңда сонда жеке бапкерімен бірге дайындалып жатыр.

– Алда мені Астана марафоны күтіп тұр. Одан кейін қараша айында Қытайда Азия чемпионаты өтеді. Сол жарысқа қатысамын. Жеке жаттықтырушым Лилия Булатовнаның қарамағында жеке бағдарлама бойынша дайындалып жүрмін. Лилия Булатовна – өте тәжірибелі маман. Оның қарамағында жаттығып, біраз шыңдалдым. Қазір бабыма келе бастадым. Үлкен жарыстарға жүз пайыз дайынмын деп айта алмаймын. Алайда, Шобуховамен бірге талай халықаралық додаларда топ жарамын деп ойлаймын. Әр екі ай сайын елге келіп тұрамын. Қиын, дегенмен мен спортқа қайта шындап кірістім. Енді шегінуге болмайды, – дейді Г. Жанатбек.

Түпнұсқасы: kazathletics.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер