Бокс

Қамшыбек Қонқабаев: Мақсатым бір - бұл әлем чемпионатын жеңу

Қамшыбек Қонқабаев: Мақсатым бір - бұл әлем чемпионатын жеңу
news-banner7
mobile-news-top

Әуесқой бокстан аса ауыр салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Қамшыбек Қонқабаев Prosports.Kz тілшісіне берген сұхбатында Германияда өтетін әлем чемпионаты туралы айтып берді.

- Қамшыбек, әлем чемпионатына дайындығы қалай өтуде?

- Шүкір аман-есен, бәрі жақсы. Оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтуде. Еш жарақатым жоқ. Толыққанды жаттығудамын.

- Әлем біріншілігіне қандай мақсат қойылды?

- Бар ойым – әлем чемпионатында алтын алу. Әлем чемпионатының аса ауыр салмақ дәрежесінде тұңғыш қазақ чемпионы атанғым келеді. Осы мақсатқа жету үшін аянбай тер төгудемін.

- Қарсыластарыңды зерттеп үлгердің бе?

- Бәрін болмаса да көбін жақсы танимын. Арасында кезінде жұдырықтасқан қарсыластарым бар. Біздің салмақта нақты фаворит жоқ. Бар күшімді салып, тек қана жеңіске жетуге тырысамын.

Қамшыбек жаттығу үстінде

Қамшыбек жаттығу үстінде

- Мұндай ірі жарыс алдында тәжірибелі Иван Дычкодан кеңес сұрап, онымен сөйлескен жоқсың ба?

- Онымен талай жыл бірге жаттығып, спарринг өткізгенбіз. Алайда Дычкодан кеңес сұраған жоқпын. Бірақ басқа ағаларымыз Қанат Ислам немесе Әділбек Ниязымбетовпен жиі ақылдасып тұрамын.

- Қанат Исламның алдағы жекпе-жегі туралы не айта аласыз?

- Қанат – өте тәжірибелі боксшы. Менің ойымша, ол Астанада өтетін жекпе-жекте жеңіске жетеді.

- Ал Головкин – Альварес кездесуі ше?

- Енді бұл жерде нақты қай боксшының жеңетінін айту қиын. Себебі, Канело - мықты боксшы. Бұл барша әлем асыға күткен, қызық жекпе-жек болмақ. Әрине, біз Геннадийге жанкүйер боламыз. Оның жеңісін тілейміз. Бізді тартысты айқас күтіп тұр.

- Жалпы кәсіпқой бокста кумиріңіз бар ма?

- Шын айтсам, мен ешкімге еліктемеймін. Өз стилімді өзім жасағым келеді.

- Қазір кәсіпқой бокста аса ауыр салмақ дәрежесінде мықты боксшылар көп: Джошуа, Уайлдер, Ортис. Қайсысы үздік?

- Уайлдер жақсы боксшы, бірақ меніңше Джошуа алдағы бір-екі жылда абсолютті чемпион атанады. Энтони жас, кәсіпқой боксқа ауысқанына көп болған жоқ. Бұған қоса көп жылдар бойы «хэвивейте» көш бастаған Владимир Кличконы ұтқан болатын.

Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер