Басқа

Олимпиада мерекесі - барлығы үшін

Олимпиада мерекесі - барлығы үшін
news-banner7
mobile-news-top

Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасымен Халықаралық Олимпиада күніне орай Қазақстанның барлық қалаларында бұқаралық спорттық шаралар өтті. Биыл дәстүрлі олимпиадалық мереке салауатты өмір салтын ұстанатын спорт сүйер қауымды осымен 24-ші рет жинады.

Жарыс жолына бәрінен ерте алматылықтар шықты. Таңертеңгі сағат 8-ден қала тұрғындары дәстүрлі велошеруге келді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан 700-ге жуық белсенді спорттық демалысты ұнататын әуесқойлар 12 шақырымдық жолды бағындырды. «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталған велошеру «Динамо» стадионында мәресіне жетті. Қатысушылар үшін мәреде көптеген бағалы сыйлықтар ойнатылып, ҰОК-нің «Olympic day» деген жазуы бар жейделер табысталды.

Сонымен қатар, осы мерекеге орай шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды (500-ге жуық қатысушы тіркелді), ал «Динамо» стадионында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Жұлдызай» спартакиадасы да өтті.

Белсенді қатысушылардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері де болды. Атап айтсақ, аталмыш мерекемен барлық келген қонақтарды құттықтап Олимпиада чемпионы Жақсылық Ушкемпіров, жүзуден параолимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов және грек-рим күресінен Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев келді. Олар қатысушылар мен қонақтарға үлкен табыс, сәттілік тілеп, барлығын спортпен айналысуға шақырды.

«Бәріңізді бұл спорттық мейраммен құттықтаймын! Олимпиада күнін Алматыда велошерумен бастауымыз бекер емес. Спорттың бұл түрі алматылықтар арасында танымал. Барлық қатысушылардың алға қойған мақсаттарына жетіп, әрқашан бірінші болуын тілеймін. Спортпен шұғылданып, денсаулықтарыңыз мықты болсын!», - деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов

Ал Астана тұрғындары міне кезекті жексенбіні физикалық жаттығудаан бастады. Еліміздің Олимпиада комитеті қолдаған «Fitness Park Astana» жобасының тұрақты қатысушылары да пайда болды. Елорда саябағы ойын және спорттық алаң болып бөлінген. Әркім өзіне жақынын таңдай алады. Би алаңы, күрес түрлері, йога жаттығулары, дартс немесе стритбол ойыны, не керектің бәрі бар. Мұндай бөлулер өзіңе жақын спорт түрін табуға көмектесіп қана қоймай, жаңа ақпарат алуға септігін тигізеді.

Айта кететін жайт, қалалық және облыстық спорт басқармаларының ұйымдастыруымен дәл осындай жарыстар еліміздің өзге де аймақтарында өтті. Ұлттық Олимпиада комитеті барлық қатысушыларға арнайы сертификат пен түрлі сыйлықтар табыстады.

Естеріңізге салайық,1948 жылдың қаңтар айында Санкт- Морицкте өткен ХОК-тің 48-ші сессиясы кезінде Халықаралық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада күнін жыл сайын 23 маусым күні мерекелеуді шешті. Аталмыш мереке біздің елімізде жыл сайын ҰОК қолдауымен аталып өтуде.



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер