Дәйек пен Шүбә
Басқа

Нұрбақыт Теңізбаев жаңа ережелер мен отандық туризм жайлы

Нұрбақыт Теңізбаев жаңа ережелер мен отандық туризм жайлы
news-banner7
mobile-news-top

Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев күрестегі жаңа ережелер жайлы пікір білдіріп, жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, «Жаркент-Арасан» сауықтыру кешенінде жүрген спортшы отандық туризмнің дамуы жайлы сөз қозғады.

Күрестегі жаңа ережелер жайлы

- Төрт тағанды алып тастады. Бірақ, ол ереже қайта өзгеруі мүмкін. Бұл біздің қолда емес. Халықаралық Федерациялардың мүшелері кеңесіп қабылдайды. Жаңа ережелерді күрестің барынша қызықты өтуі үшін шығарады деп ойлаймын. Екі күндік жарысты қолдаймын. Бір күн ғана өтетін жарыстар допингтің өршуіне әкеледі деп санаймын. Себебі, спортшылар жақсы нәтиже көрсетуі үшін көп салмақ қуады. Кіші салмақтарға күресуі үшін көп күш жұмсайды. Бір күнде бес-алты белдесу өткізу балуандарға ауыр тиеді. Адам ағзасы әлсірегенде спортшылар қалпына келтіретін дәрі-дәрмектерді қолданады. Допинг осыдан шығып жатады. Оның ағзаға қаншалықты қауіпті екенін көп спортшылар біле бермейді. Сол үшін де, екі күндік жарыстар осы жағынан дұрыс деп ойлаймын. Екінші күні балуандар өз салмақ дәрежесінен екі келіге ауытқуына рұқсат етілген. Бір күнде 5-6 күрес өткізгеннен көрі, енді олар бірінші күні 3-4 рет белдесіп, екінші күні қалған кездесулерін өткізе алады. Бұл олардың жақсы күрес көрсетуіне, күрестің тартымды болуына көмектеседі.

Алдағы жоспары жайлы

Өзіміз осы спорт саласында жүргендіктен, отандық спорттың дамуына үлесімізді тигізгіміз келеді. Болашақта мықты-мықты балуандарды дайындауға атсалысып, үлкен биіктерден көруге тырысамыз. Енді, күрес саласындағы спортшылар Олимпиадада неге үлкен деңгейге көтерілмей жатыр деп жатырсыздар ғой. Бұл жерде мынау кінәлі деп басып айта алмаймын. Өз басымнан да өткен жағдай. Өзім де спортшы болдым. Бірінші Олимпиадада жеңіліп қалдық. Екіншісіне жеңеміз деп бардық. Кім жеңілу үшін барады? Әр балуан чемпион болғысы келеді ғой. Дегенмен, алдағы уақытта жеңімпаз балуандарымыз көп болады деп сенеміз. Бұйыртса, Токиодағы Олимпиадада күрестен жүлдегерлер мен чемпиондар шығады деп үміттенеміз. Қазір спортқа өте көп көңіл бөлініп жатыр. Жүлде алғандарға ақшалай сыйлық беріліп, жағдайын жасауда.

Отандық туризм жайлы

Спортшы болған кезімізде әлемнің түкпір-түкпіріне бардық. Қаншама жер көрдік. Теңіз көрдік, тау көрдік дегендей. Бірақ, өзімізде де сондай жерлер бар. Спортшыларға, жалпы қарапайым азаматтардың демалатын, сауықтыру жұмыстарын жүргізетін тамаша өңірлер, санаториялар бар. Қит етсе басқа елде демалып, жиындарды да өзге елдерде өткізіп, спортшыларымызды басқа жаққа сауықтыруға жіберіп жатамыз. Сондай жерлер бізде де бар. Мынау Жетісуда табиғаты тамсануға тұрарлық, салқын самалы мен қара суының өзі шипа болатындай өңірлер бар. Міне, спортшылар қазір «Жаркент-Арасан» сауықтыру кешенінде демалып жатыр. Санаторияда радон суы мен балшықпен емделуге болады. Осы жерде спортшылар да сауықтыру кезеңін өткізіп тұрады. Қазір біз тұрған «Жаркент-Арасан» жері, осы аймақ тарихи өңір десек болар. Қазақ батырлары мен сарбаздары жүрген жер. Өз еліміздің де туризімін дамытуымыз керек. Жаңа айтқандай, басқа елдерге де барып тұрамыз. Бірақ, еліміздегі осындай керемет жерге келіп, бір жұтым ауасы шипа болатын сауықтыру кешеніне барып тұрған дұрыс. Жаңа радон суы шығады деп айтып өттік қой. Қай мезгілде болмасын, ол су 36-37 градуста, жылы күйінде шығады. Ішінде өте пайдалы минералдар бар. Оны ішіп те, жағып та, түсіп те емделуге болады. Жүрек қан-тамырлары мен асқазан, бүйрек, ішкі ағзалардың барлығына дерлік, сонымен қатар, тері ауруларына да пайдасын тигізеді. Қысы-жазы есігі айқара ашық. Келіп, отандық туризмді дамытуға үлес қосу керекпіз. Өзіміз де осындай жерлерге барып, өз үлесімізді қосқанымызда, азаматтық бір борышымызды атқарғандай боламыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер