Қысқы

Алты ай қары кетпейтін «Алтай Альпісі»

Алты ай қары кетпейтін «Алтай Альпісі»
news-banner7
mobile-news-top

Алматы-Өскемен бағытындағы рейске билет алып Шығыс өлкеге аттандық. Сондағы мақсатымыз - Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің отаны саналатын аймақты аралап, көріп қайту болды.


Өскеменнің шағын әуежайында қонып көлік тұрағына жеткенімізде алдымыздан дядь Саша (Александр) есімді алып денелі, жайдары мінезді жүргізуші шыға келді. «Ал жігіттер, қош келдіңдер» деп қарсы алған Дядя Саша «бөлке нан» УАЗ-ға отырғызды. Жетпіске жетіп, сексеннің сеңгіріне шығайын деп жүрген орыс мужигі тың. Самайына түскен ақ шаштан ажыратпасаң «шалға» жетпіс бермейсің. Құдды, қырықтағы еркек. Алматының жұмсақ ауа райынан кейін Өскеменнің минус 20 градусынан сескенген бізді көргенде Александр қарқ күлді.


- Тоңып қалдыңдар ма? Пешті қосайын, - деп УАЗ-ды оталдырған соң тауға қарай бір-ақ тартты.

fbb6781f3ee08993a89de9a340542e88.jpg


Баратын жеріміз - Өскеменнен 24 шақырым қашықтықта орналасқан «Алтай Альпісі». Мұздақтан, қар суынан бастау алатын Үлбі өзені де сонда.

38ebb535e73cc0cf1514149e36a3af40.jpg


Жалпы, Алтай – ертеде тұтастай түркі жұртының мекені болған өңір. Соның ішінде қазақтың да баба қонысы, атамекені. Халқымыз Алтайдан шыққан деп тарихшылар айтады. Басқыншылардан елді-жерді аман сақтаған Қаракерей Қабанбай, Жәнібек батыр, Оспан батыр сынды ел қорғаны болған тұлғалар осы жерден нәр алды.

47e697ecfd11149b51d90ecfe833ed9c.jpg

Айта кетейін, Алтай тауларының қазақстандық бөлігі геологиялық тұрғыдан 4 ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы. Мұндағы ең үлкен өзен - Ертіс. Оған Кендірлік Күршім, Бұқтырма, Үлбі және т.б. өзендер кұяды. Ертіс бойында Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі электр стансалары салынған. Олар бүкіл Шығыс Қазақстанға электр қуатын береді.

Алтай тауларының табиғатына оның алып жатқан географиялық орны үлкен әсер етеді. Оңтүстік-батыстағы аласа тау беткейлерінде ылғал аз.

Көз жауын алатын келбетті жерлер ақ ұлпамен әшекейленіп алған. Мамықтай қар аспаннан қалықтап жер бетіне түсіп жатты. Шипажайға жеткен кезде бізді «Алтай Альпісінің» директоры Александр Чиликин қарсы алды. Журналистерге шақырту жіберіп, өлкені көрсетпекші болған кісі де осы-тұғын.

Шипажай басшысы түскі асқа шақырып ишара қылған соң, жоқ демедік. Артынша экскурсия басталды.

- Сендер Алматыдан келдіңдер, еліміздегі ең танымал шаңғы курорты Алатау бөктеріндегі Шымбұлақ екенін білеміз, деп әңгіме бастады Чиликин. – Алайда, Шығыстағы кереметтей шаңғы шипажайыларын көп ел біле бермейді. Негізінде, біздің шаңғы трассаларымыз Шымбұлақты жолда қалдырады. Неге дейсіз ғой. Себебі, біздің жолдар еңіске қарай қатты құлдиламайды және «Алтай Альпісінде» 15 түрлі трасса бар. Жалпы ұзындығы 15 шақырым. Фрирайд пен Фристайл-Могулға ең ыңғайлы жолдар осында. Ал, ең бастысы - Алтайда қар жылдың 6 айында ерімейді.

6c755652bff0c22c4df2e394ec057255.jpg

- Сонда, спортшылар қазан айынан бастап жаттыға ала ма? – деп сұрадық.

- Спортшылар тұрмақ туристер күз мезгілінен бастап шаңғысын көтеріп келеді, - деді Александр.

e80284447b3568a5b84a3ca5140fbb52.jpg

Спортшыларға жағдай жасалған екен. Осы күндері Фристайл-Могулдан ұлттық құрама мүшелері «Алтай Альпісінде» жаттығып жүр. Олег Цинн есімді 17 жастағы ел үміті Азиадаға дайындалуда. Алматылық тілшілерге қуана-қуана сұхбат берген шаңғышы дайындық жайында баяндады:

- Токио қаласында ақпанның 26-сы күні Азия ойындары басталады. Сол жарысқа жолдама алдым. Жоғары оқу орнына әлі түскен жоқпын, жасым жеткен жоқ. Сондықтан Алматыда өтетін Универсиадаға қатыса алмаймын. Бірақ келесі студенттер сайысына қатысқым келеді, - деді Олег.

81308db674bb4cdb574e007fa31181c1.jpg

Екі орындықты қанатты жол мен екі бугельді қанатты жол бір бірінен орта қашықтықта екен. Бұл өте ыңғайлы. Шипажайдың қонақ үйі мен ем қабылдау орталығы қуантты. Бәрі шетелдегідей, одан асып түспесе.

0ca873d1b298aaf89a6a72a7a4c929c2.jpg

f7020a6891734ada3c93d80afaed0123.jpg

Осының бәрін салуға 1 миллиард теңге кетті, - деді Александр Чиликин. – Бір қарағанда бәрі тамаша сияқты көрінеді. Алайда, қазіргі таңда бізге мемлекеттен көмек жетіспей жатыр. Шаңғы курортына жеке қаржымды құйдым. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген кредит алып қанат жолдарын салғанбыз. Алайда қарызды қайтару мерзімі тым қысқа. Себебі жоба өзін ақтап үлгермейді, - деп күрсінді кейін.

56e4170529b2fc68db7558e4c565a615.jpg

«Қазіргі таңда инвесторсыз күнің қараңғы, болашағың бұлыңғыр» деген ойға шомылдым. Австрия мен Швейцариядағы VIP, Royal Grand, luxury, Premium шипажайлар өзіміздің Альпінің ар жақ – бер жағында емес пе?! Бағаларды салыстырыңыз, адам басына күніне 15000 теңгеге қонақ үйде жатқызып, үш рет тамақтандырып, инструкторы шаңғы тебуді үйретіп, қанатты жолы тегін пайдалануға берілетін жер бар ма шетелде? Жоқ, әрине! Енді неге отандық туризм ақсап тұр? Себебі жарнама мен насихат аз. Осындай жақұтты жер бар екенін Алматы мен Астана халқы тұрмақ іргедегі өскемендіктер білмейтін болып шықты. Ал келушілер саны жылдан жылға артпаса кәсіп дөңгелемейді.

Осы нәрсені жақсы түсініп, шығыстың саф ауасымен тыныстап бір күн тау бөктерінде ұйықтаған соң үйге қайттық. – 25 градуста жалғыз күпәйкімен жүріп жаурамайтын жарқын жүзді дядь Саша бізді ұшаққа салып жіберді. Рейсіміз: Өскемен – Алматы...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер