Бокс

Аманбек Күлшіков: «Олардың талабы дұрыс емес»

Аманбек Күлшіков: «Олардың талабы дұрыс емес»
news-banner7
mobile-news-top

«Астана Арланс» жоқ қарызды сұрап отыр. Бұл туралы «Астана» ПКСК орындаушы директоры Аманбек Күлшіков «арландардың» жаңа маусымдағы таныстырылымы кезінде айтты, деп хабарлайды prosports.kz тілшісі.

- «Астана Арланста» қаржылық қиындық болғаны рас, - деп бастады Күлшіков. – 2016 жылдың ақпан айында, менің ПКСК-ға келген кезімде, 2015 жылдың қарыздары болды. Бірден бұл мәселені шешуді қолға алдым. Менің ойымша, басында бұл мәселені ушықтырып алды. Кейбір мәселелерді спортшылар мен бапкерлерге дүрыс түсіндірмеген. Себебі, клубқа түскен ақшаның барлығы тек жеке құрамға арналған деп ойлау — қате пікір. WSB-дің бөлген сыйақысын клуб басшылығы команданың керек-жарағына, жаттығуларды ұйымдастыруына, тамақтануы мен т.б қажетті нәрселеріне бөлуі тиіс. Мысалы, «Астана» футбол клубымен өткен жылы және оған дейінгі жылы еурокубоктарда сәтті ойнағаны үшін қомақты ақша бөлінді. Бірақ, ол ақшаның барлығын футболшылар бөліп алады деген сөз емес қой? Бұндай нәрсе еш жерде жоқ және болмайды да. Бұл бүкіл әлем спортында жоқ нәрсе. Бізде де сол жағдай. Басында бапкерлер мен спортшыларға дұрыс түсіндірілмеген. Сондықтан да осындай жағдайға тап болып отырмыз. Басқа спорттағыдай спортшыларға алдын-ала қарастырылған және қаржы қорына бекітілген сыйақы беріледі. Әр сәтті жекпе-жегі үшін біз спортшыларға сыйақы береміз. Сонымен қатар, осы жылдан боксшы ақша ала алатын жаңа ереже қабылдамақпыз. Мысалы, спортшы сырт алаңда жеңіліс тапты делік. Бірақ, ол жақсы жұдырықтасты. Дегенмен, кейбір жағдайларға байланысты, мысалы, төрешілердің қателігінен, жеңіліс табады. Осы жағдайда бапкерлер кеңесі боксшыға сыйақы беру керек пе, жоқ па ақылдасып, шешімге келеді.

- Сондай-ақ, - деп жалғастырды Аманбек Қайратұлы, - қазір осы залда келіспеушілігін білдіріп, хатқа қол қойған төрт-бес боксшы отыр. Біз оларға бәрін түсіндірдік. Олар келісіп, біздің құрамда қалуды жөн көрді.

- Яғни, жаңа маусымда бапкерлер штабы мен боксшыларға Бүкіләлемдік бокс сериясынан сыйақы күтпеуге болады ғой?

- Қазір біздің қаржы қорымыз қаралымда. Бұл қаржының қалай жұмсалатынан бірігіп шешеміз. Ресми хаттама шыққаннан кейін сол бойынша жұмыс істейміз.

- Боксшылар мен бапкерлердің сотқа шағым жазуының артында не жатыр?

- Ештеңе. WSB-ден алған хатта жеке құрамға сыйақы берілуі керек деп жазылмаған. Өткен маусымда біз осы жайлы сөйлескенбіз. Егер Серік Сәпиев бастаған «Астана Арланс» осы қадамға барып, осы ақшаны спортшылар мен бапкерлерге бөліп берсе – ол ережені бұзу ретінде саналатын еді. Бұл ақша жылды қорытындылап, қарыздарды жабуға кетті. Олар сотқа барып, өз пайдасына бір нәрсені шешуге ұмтылса, олардың неге сүйенгенін білмеймін. Себебі, олардың сөзін айғақтайтын бірде-бір құжат жоқ. Мен ресми түрде «Астана» ПКСК-ның «арландардың» алдында қарызы жоқ екенін мәлімдеймін. Олардың ойынша, «Астана Арланс» WSB-ден алған ақшаны өздері алуы керек деп ойлайды.

- Дегенмен, нақтылап алайық. «Астаны Арланстың» бұрынғы бапкері Бейбіт Есжанов соңғы екі айдың жалақысы мен 2016 жылдың сыйақысын алмағанын айтты.

- Жоқ. Мен өзімнің шындықты айтып тұрғаныма сенімдімін. «Астана» ПКСК мен «АстанаАрланстағы» қаржылық жағдайымен таныспын. Көптеген мәселені мен жіті қадағалуымда ұстаймын және өзім бұл мәселені жақсы білемін.

Дереккөз: prosports.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер