Дәйек пен Шүбә
Футбол

Ван Бастеннің революциясы. Танымал мамандар бұл жайлы не дейді?

Ван Бастеннің революциясы. Танымал мамандар бұл жайлы не дейді?
news-banner7
mobile-news-top

Марко ван Бастен ФИФА-ның техникалық директоры қызметіне келгеніне көп болмаса да, жақында футболдың негізін құрайтын ережелерді өзгертуді ұсынып, аяқдоп әлемін дүр сілкіндірді.

Голландиялық әлемге өзін футбол революционері ретінде көрсетті. Футболдың нөмірі бірінші спорт түрі атағын сақтап қалуы үшін, ол бірнеше өзгеріс енгізу керектігін алға тартқан. Алдымен соларды қарап көрелік.

* Офсайдты алып тастау.

* Сары қағазды алып тастау. Оның орнына ойыншыларды алаңннан бес немесе он минутқа қуу.

* Бес рет ереже бұзған ойыншыны алаңнан шығару.

* Қосалқы уақытты алып тастау және 11 метрлік айып добының орнына буллитті енгізу.

* Балалар және жасөспірімдер футболында шексіз ойыншы алмастыру тәртібіне рұқсат ету.

* Әр ойыншының бір жылда өткізетін матчтар санын 60 ойынға дейін қысқарту.

* Алаңға тыңнан қосылатын ойыншылар санын көбейту. Қосалқы уақытта төртінші немесе бесінші ойыншыны қосуға мүмкіндік беру

* Ойыншылардың төрешімен сөйлесуіне тиым салу. Ол мүмкіндікке тек команда капитандарының ие болуы жайлы ереже қабылдау

* Балалар және жасөспірімдер футболында және ардагерлер матчында ойыншылар санын он бірден сегізге дейін қысқарту.

* Матчты төрт таймға бөлу.

* Ойынның соңғы он минутындағы ойынның бөгелуі мен тоқтатылған уақыттарды санамау.

Бұл ережелерді қалай түсінуге болады? Футбол шенеунігінің өзіне елді қарату үшін жасалған қылығы ма? Әлде өзінің Цюрихте бекер отырмағанын, бекер ақша алып отырмағанын көрсету ме? Тіпті, барлық мамандар мен жанкүйерлердің көзқарасын білу үшін жасалған әрекет пе?

Футболшыларды жазалау ережесін өзгерту осыдан 20 жыл бұрын айтылған болатын. Бұл идеяны қолдаушылардың бірі – ағылшын төрешісі Дэвид Эллерей. Бұл ойды ван Бастен де қолдап отыр. Буллит те осыған дейін іс жүзінде қолданылған болатын. 90-шы жылдары МЛС-те пенальтидің орнына буллит сериясы қолданылды.

Бұл мәлімдеме шыққаннан кейін танымал футбол мамандары мен бапкерлер осы жайлы пікір білідірді.

2423ff9d153bf04e57a344a905c8ffe4.jpgАрсен Венгер, «Арсеналдың» бас бапкері:

«Офсайдты алып тастауға болмайды. Ол команданы біріктіреді. Бұл өте сауатты ереже. Осы ереженің арқасында футболшы интелектін көруге болады».

7acb116da83563be03f664ccbb921986.jpgКлод Пюэль, «Саутгемптонның» бас бапкері:

«Офсайдсыз футбол – футбол емес. Көздеріңізге елестіңіздер. Офсайд жоқ болса, қарсыластың жарты командасы біздің қақпаның алдында, ал біздің команданың жартысы қарсыластың қақпасында тұрып доп күтеді. Ал ортада ештеңе болмайды. Ол жерде қозғалыс та, ойын да жүрмейді. Олардың арасындағы үлкен кеңістік бос қалмақ. Қақпадан қақпаға дейін доп күтіп қана тұрасың».

a6b5a8f2c468ff0969f941335d5bdfae.jpgЮрген Клопп, «Ливерпульдің» бас бапкері:

«Футбол – ерекше ойын. Оған өзгеріс енгізудің еш қажеті жоқ. Көптеген командалар бізге қарсы офсайдсыз ойнап жүр. Ал ван Бастен өзі жаңа ойын ойлап тауып алсын. Футболға өзгерістің қажеті жоқ».

684adfc73c866e7b3e057d52d6a79e5c.jpgКарло Анчелотти, «Баварияның» бас бапкері:

«Өткен айда ван Бастенмен кездестік. Мен оған «офсайдсыз футбол – футбол емес», - деп айттым. Онда ол басқа спорт түрі болады.

Егер олар басқа спорт түрін жасағысы келсе, бізге айтсын. Офсайдты алып тастау қиынға соғады. Мен жаңа ережелерге қарсы емеспін. Бірақ олар тестілеуден өту керек. Жаңа ережелер пайда болады. Бірақ оны мен үшін емес, болашақ үшін енгізеді».

Бұл ережелер қабылдана ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Тамыры терең кеткен футболдың негізін қалайтын ережелердің өзгеруі, оған деген көзқарастың да өзгеруіне әкеп соғатын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер