Criminals
Басқа

Паралимпиада жеңімпазы 46 жыл бұрын түскен жол апаты жайлы айтып берді

news-banner7
mobile-news-top
Қазақстан тарихында Паралимпиада ойындарынан «алтын» алған тұңғыш спортшы Зүлфия Ғабидуллина осыдан 46 жыл бұрын түскен жан түршігерлік жол апаты туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зүлфия Ғабидуллина отбасындағы алғашқы бала екен. Өзінің айтуынша, өте тынышсыз, үнемі қозғалыс үстінде болған.
«Ата-анамның айтуынша, егер мен екі минут тыныш отырып қалсам, бірдеме бүлдіріп отырады екенмін. Есімді білгеннен бері бұрышта тұрып өстім, бірақ, сол бұрышта тұрып-ақ «енді не бүлдірсем екен» деп ойланып тұратынмын (күледі). Балабақшаға бару үлкен мәселе еді. Анам екеуміз автобуспен жүргенде, бір есігінен кіріп, бір есіген шығатынмын. Маған сол қозғалыс ұнайтын», - дейді спортшы.
Зүлфия бес жаста болғанда, жол апатына ұшыраған. Сол күні бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан Зүлфияны, анасы мен бауырын мас күйде болған мотоциклші қағып кеткен екен. «Жол апаты есімде қала қойған жоқ, бәрін ата-анам айтып берген. Мені жетектеген, қолында емшектегі сәбиі бар анам үшеуімізді мас мотоциклші соғып кетіпті. Анамның шошығаны сондай, қолындағы баланы біреуге бере салып, маған қарай жүгірген екен. Мен мотоциклдің астында қалып қойыппын, өйткені, көйлегім көлікке ілініп қалған. Мені сүйреп кеткен мотоцикл ағашқа барып соғылыпты. Омыртқам түгел сынды, аяқ-қолым гипстеліп, тіпті, тілімде де кемістік пайда болған...»,-дейді сол қорқынышты апатты еске алған спортшы. Дегенмен, жігері мықты Зүлфия сол сәттен бастап спортқа құмарта бастаған. «Сіздің алдыңызда ешкім міндетті емес. Мысалы, менің басымнан өткен оқиға үшін де маған біреу көмектесуге міндетті емес. Арбаға таңылғаның үшін өзгелердің мазасын алып, бұл өмірге өкпелеуге болмайды. Тек алға бастап, мақсат қоя білу керек», - дейді Зүлфия.
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер