Футбол

Футболистика

Футболистика
news-banner7
mobile-news-top

Давор Шукердің голдарын көріп, тамсанып, Франциядағы футбол мерекесін осылайша бақылап жүрдім. Күндердің күнінде футбол көретіндердің де саны көбейе бастады. Көршілес 2-3 ағалар да менімен қалыспайтын болды. Біздің көшеде ойынның сағат қаншада және кіммен-кім ойнайтынын білетін жалғыз мен болатынмын. Тіпті, түс ауа әлгі футбол көретін ағалардың бірі баласын жібертіп менен бүгін кешке кіммен-кім ойнайтынын сұраттыратын.

Амангелді ағаның оқта-текте айтып қалатын кейбір сөздеріне теледидар алдындағылар ду етісіп күліп жатады. Сонда, дәл осылай орақ тілді комментатор да болғың келіп кететін.

Сол жылы Франциядағы футбол болатынын мен қайдан білдім десеңізші! Ағам Дінмұхамед шешеме жалынып жүріп бір газетке жазылдыртты. «Sport&Ks» деп аталатын жасыл газет сенбі күні ауылға келетін. Көшенің соңында тұратын неміс қыз пошташы болатын. Кейде, түске дейін газет келмесе, үйіне барып тұрып, есігін тарсылдатып, иттерін арсылдатып үргізіп, шулатып жүріп газетті алып келетінмін. Ал кеп жата қалып оқимын. Сонда Несіп Жүнісбаев деген журналис кісінің алғашқы мақалаларын оқи бастадым. Кәдімгі Францияда отырып жазады. Чемпионат біткеннен кейінгі жазған мақаласы тіпті сол жерде болған жағдайларды еріксіз көз алдыңа елестеттіреді. Қонақүйдің терезесінен «Франция чемпион!» деген айқай-шуды естіп, салқын суда тұрған шомпанды чемпионның құрметіне ұрттаған жазушының сөздерінен әлгі сусынның дәмі ауызға келетін. Құдды бір «Сен-Дени» стадионының маңайында жүргендей сезінесің. Ойындардың нәтижесі, кім қай минутта қалай әдемі гол соқты соның барлығын оқимын. Себебі, көптеген ойындарды көре алмадық. Бұл шақта әлгі мақаладағы автордың фотоларын көріп спорт журналисі боламын деп те армандай саласың. Балалықтың бір ерекшелігі де сол емес пе? Күнде бір қызығушылық пайда болып тұратын. Зиданның баспен соққан голдарын көріп, оның нағыз аңыз ойыншыға айналғанын көріп, Зидан болғың келеді. Оның үстіне ауылда футбол ойнаған кезде елдің бәрі Роналдо болатын. Ал мен ешкімге ұқсамайтын, өзгеше ойыншы болуға тырысатынмын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер