Күрес

Өз Отаны қабылдамаған қазақ өзбектерге қола медаль сыйлады

Өз Отаны қабылдамаған қазақ өзбектерге қола медаль сыйлады
news-banner7
mobile-news-top

Елмұрат Тасмұратов 1991 жылы Ташкент облысындағы Қызыл Ту ауылында дүниеге келген. Бұл аймақта көптеген қазақтар өмір сүреді, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Никита Хрущевтің бұйрығымен Қазақ ССР-інен өзбектерге берілген жер болатын.

Сонымен, 2004 жылы Елмұраттың ата-анасы Қазақстанға қайтқысы келіп, 13 жасар ұлдарын тарихи отанына жіберген. Күрестен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген ол төрт жыл бойы Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернатында оқыды. Қазақстан ұлттық құрамасына кандидаттардың бірі болды. Бірақ аймаққа, руға бөлініп үйренген Қазақстанда сол елдің азаматы бола тұра, Өзбекстаннан келген оралман ел құрамасы бапкерлерінің көзіне түсе алмай қойды. 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде бір рет жеңіліп қалған соң, оны бапкерлер, тіпті де, ескермейтін болды, ұмытты.

Оны көзге ілмей де жүргенін аңғарған Елмұрат 2010 жылы өз елінен көңілі қалып, Өзбекстанға қайта оралған. Ол жақта Қазақстан құрамасының бұрынғы кандидатын құшақ аша қарсы алып, бірден өз құрамасына қабылдайды.

Тарихи отанына қабылданбаған балуан енді өзбек бапкерлерінің қол астында жаттыға бастады. Бұл жігіттің болашағы жарқын екенін өзбектер біздің бапкерлерге қарағанда тез ұққан. Нәтижесінде Тасмұратов жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастады: 2012 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2013 жылы Азия чемпионы, сол жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Азия чемпионы, сол жылы тағы да әлем чемпионатының қола медаль иегері.

Бір қызығы, 2013 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында Елмұрат Қазақстан құрамасының балуаны Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді. 2014 жылы өз құрамасынан шығарып тастаған елге барып, Астанада Азия чемпионы атанды. Сол кезде қазақстандық Бағлан Жақаншаны 10:0 есебімен жеңіп, жарыс жолынан шығарып тастады. Елмұрат сол жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Айта кетерлік жайт, сол жарыста Қазақстанның бір балуаны да жүлделі орынға көтеріле алмай, елге медальсіз қайтқан еді.

Міне, енді бала кезінен Қазақстан құрамасы сабында әлемдік додаларға қатысуды армандаған қазақ жігіті Рио Олимпиадасында Өзбекстанның атынан шығып, бізге ауадай қажет болған медальді оңтүстік көршілеріміздің қоржынына салып берді.

Елімізде грек-рим күресінің басынан қайғы айырылмай тұр. Кезінде біздің балуандар әлемдегі мықтылар санатына қосылатын. Сол кездердегі Валерии Резанцев, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Анатолий Назаренко, Игорь Ростоцкий, Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Мәулен Мамыровтардың жолын қуған бір балуан болмағаны ма? Сол дәстүрді жалғастыратын кім? Біздің грим-рим құрамамыз немен мақтана алады? Өткен Олимпиададағы шетелден әкелінген балуан Даниял Гаджиевтің қола жүлдесімен бе? Әлде, елім деп келген өз бауырын кеудеден итергенімен бе? Сұрақ көп болса да, жауап табылмай тұр, өкінішке қарай. 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер